Достық ауылы – Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 170 км жерде Жоңғар қақпасы маңында орналасқан. Сондықтан елдімекенде жыл бойы жел соғады. Климаттың қаталдығына қарамастан ауылда кәсіпкерлік саласы өркендеп келеді. Көбіне тамақтану және қызмет көрсету орындары ашылып жатыр.
– Мұнда барлығы еркін. Заң аясында жұмыс істесең еш кедергі жоқ. Жергілікті әкімдік көмектесіп тұрады. Келешекте жанармай құю бекетін салып, кәсібімізді үлкейтуді жоспарлап отырмыз,-дейді кәсіпкер Демесін Рысалдиев.
Аңызақ желден аздап қорған болатын жасыл желек отырғызу тұрғындарды толғандырған басты мәселенің бірі. Бірақ Алакөл ауданының әкімі бұл мәселе шешілетінін айтты:
– Қазіргі таңда Достықтың кіре берісінен бастап көгалдандыру, абаттандыру инфроструктурасы, барлығының жоспарын жасап жатырмыз. Бұл жасалынады. Ары қарай дамыту үшін бюджеттен қаражат сұраймыз. Келесі жылға «Комфортный среда» арқылы 600 орындық мектептің құрылысын бастағалы жатырмыз.-деді өңір басшысы.
Қазір Достықта жаңа терминал және логистикалық орталық салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда екі жүзден аса адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар келесі жылы 200 орындық жатақхана мен 20 пәтерлі көпқабатты үй тұрғызылмақ.
Асылан ЖЕҢІСҰЛЫ