Қазақ халқының тарихында тұс-тұсынан қаптаған жауға қарсы күрес жүргізген, өзінің азаттығын сақтап қалу жолында батырлығы мен көрегендігі, ақылдылығы мен шешендігі қоса дарыған тарихи тұлғалар аз болған жоқ. Олар ел билеген хандар, халқы ардақтаған батырлар мен билер еді. Ата-бабадан қалған жері мен елін қорғап, тәуелсіздігін сақтап қалу үшін қасық қаны қалғанша аянбай күрескен батырларымыздың атын тарихи жадымызда мәңгі сақтап қалуымыз қажет. Аты аңызға айналған, дарабоз батырымыз Қаракерей Қабанбайдың қазақ халқының басына күн туғанда жасаған ерліктері ұшан-теңіз. Қаракерей Қабанбай – Хан батыр, Дарабоз атағына ие болған жалғыз батыр, оның арқасында жоңғарларға қарсы шайқастарда ең үлкен жеңістерге қол жеткізілді.
Қазақтың бас батыры Қаракерей Қабанбайдың ел қолында жүрген біршама заттары бар. Соның ішіндегі аса қасиетті дүниесі жорықта ұстаған легені. Қазіргі кезде бұл аса құнды жәдігер Алакөл ауданы Қабанбай батыр атындағы тарихи – өлкетану музейінде сақтаулы. Бұл құнды жәдігерді 2016 жылы музей қорына тарихи зерттеуші, журналист, Астана іргесіндегі Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы Камал Жортуылұлы Әбдірахманов өткізген. Камал ағаның қолына бұл леген Жамбыл облысы, Қордай ауданының тұрғыны Өлмесзада деген кісіден түскен екен. Ол кісі Камал Жортуылұлына жолығып, үйінде Қабанбай батырдың легені және екі заты бар екенін айтады. Оны естіген Камал аға аталған мекендегі Өлмесзада апайды іздеп барады. Барғанда көргені батырдың легені, басқақ және оқшантайы екен. Сол уақытта апай науқас болғандықтан беріңіз деп сұрамаған. Кейін ол кісі қайтыс болып кетіп, балалары легеннен басқа затты бермепті. Леген жезден жасалған, дөңгелек пішінді, үш құлағы бар. Түбі тегіс, шеттері тік, диаметрі – 63 см, ал биіктігі – 19см. Құлақтары темірден жасалған.
1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қабанбай батырдың 300 жылдығы Республика көлемінде аталып өтті. Соның бірі Үйгентас жайлауында үлкен той болды. Сол жылы Алакөл ауданындағы Андреев ауылына Қабанбай батырдың есімі берілді және аудан тұрғындарының сұрауы бойынша 1991 жылы музей ашылып, 1993 жылы Қабанбай батырдың есімі берілді.
Содан бері Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі жылдан-жылға көркейіп, жәдігерлермен толып, мәдени құндылықтарды сақтап, халық арасында насихаттап қызмет атқарып келеді. Музей залдарында ұсынылған экспонаттар аудан аумағында тұратын ұлт өкілдерінің тарихы, мәдениет және тұрмысы жайлы әңгімелейді.
Музейде музейлік маңызы бар құндылықтарды жинау, зерттеу, сақтау және Қабанбай батырдың елін қорғаудағы ерліктерін халық арасында насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты патриоттылыққа тәрбиелеу мақсатында көптеген мәдени – танымдық шаралар өткізіліп тұрады. Сондай шаралардың бірі биыл тарихи тұлғаның туғанына 330 жыл толуына орай Алакөл ауданы Ақши ауылында «Ер қаруы – бес қару» атты тақырыпта жылжымалы көрме өтті. Көрмеге музей қорындағы этнография бөлімінің жәдігерлері, қазақ батырларының бес қару көшірмелері және музей қорындағы аса құнды экспонаттардың бірі – Қабанбай батырдың жез легені қойылып, Ақши ауылының тұрғындарына, Қазақстанның және басқа да елдерден келген туристердің назарына ұсынылды. Алакөл ауданының, Үшарал қаласында З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ақ отауға – ақ бата”» облыстық аналар форумы өткізілді. Аталған форумға арнайы келген қонақтарға «Батыр – ел қорғаны» атты тақырыпта жылжымалы көрме ұйымдастырылып, облыстың әр ауданы мен ауылынан келген қонақтарға таныстырылды.
Қаракерей Қабанбай батыр есімі ғасырдан ғасырға жалғасар, қазақ тарихындағы айтулы да тұғырлы тұлғалардың бірі екені сөзсіз. Қаракерей Қабанбайдың тұлғасын, өнегелі қасиеттерін тарих, әдебиет, киноөнері арқылы кеңінен насихаттау – алда тұрған келелі істердің бірі. Биыл Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 330 жыл. Ел басына күн туған алмағайып заманда, елін қорғаған даңқты дарабоздың ерлігі ұмытылмасы анық.
Жансая РАХЖАНОВА,
Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі м.а