Тоғызқұмалақ ​​– қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны. Жасөспірім ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып, зерделілік және зияткерлік даму құралы ретінде қолданған. Сол себепті Алакөл ауданының бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы бұл ойынның жастарға тигізер пайдасын ескере отырып, тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырып келеді. Мәселен, жуырда Тәуелсіздік күніне орай тоғызқұмалақтан аудандық турнир өтті. Оған Алакөл ауданының әр округінен 56 ойыншы қатысты. Тапқырлығымен қарсыластарын шаң қаптырып, жеңіске жеткен қатысушылар диплом, медальдармен және сыйлықтармен марапатталды. Алакөл ауданының бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының маманы Ердос Нөсерханов болашақта да ұлттық ойындарды дамытуға көп көңіл бөлінетінін айтты.

Алакөлде тоғызқұмалақ ойынына қызығатын жастардың көп екені турнирге қатысушылардың санынан байқалады. Өйткені, бұл ойынның пайдасы ұшан-теңіз. Ол ақыл-ойды дамытып, ми қызметін жетілдіруге көмектеседі. Тоғызқұмалақ адамды дамытып қана қоймайды, сонымен бірге тәртіпке үйретеді. Оны ойнайтын бала өскен соң күнделікті жоспарын оңай құра алады, кез-келген жағдайда өзін тұлға ретінде көрсете алады, белгілі бір оқиғаға байланысты өзіндік ұстанымы, көзқарасы болады.

Тоғызқұмалақ тарихынан. Осыдан 4 мың жыл бұрын ата-бабаларымыз осы ойынды бос уақыттарында ойнаған екен. Ғұндар мен түркiлердiң кезiнде 3 отаулық, 5 отаулық, 7 отаулық шарттармен тоғызқұмалақ ойынын ойнаған болса, келе-келе дами түсiп, қазақтар мұны 9 отаулық үлгiмен ойнай бастаған. Осы орайда, «тоғызқұмалақ» атауы қайдан шықты, 9 санының қандай да бiр арифметикалық ерекшелiгi бар ма деген заңды сауал туындайды. Негiзiнен, 9 саны ежелгi түркiлерде қасиеттi сан болып есептелген. «Тоғыз жолдың торабы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондай-ақ, аңыз-ертегiлерде кездесетiн «бiр байдың тоғыз ұлы болыпты» деген жолдан-ақ бiраз жайттың басын ашуға болады. Яғни, 9 саны көптiктiң белгiсi. Тоғызқұмалақ ойынының шарттарына қарап бiз ата-бабаларымыздың арифметиканы терең меңгергенiн байқаймыз. Қазiр бiз ойнап жүрген тоғызқұмалақтың классикалық үлгiсi 1948 жылдан берi ойналып келедi. Сол жылы тоғызқұмалақтан республика бiрiншiлiгi өткiзiледi. Бiрақ, республиканың әр аймағынан келген тоғызқұмалақшылар ойынды өз түсiнiктерiнде, әртүрлi нұсқада ойнайды. Бұдан кейiн тоғызқұмалақтағы әртүрлiлiктi реттеу үшiн ұлт жанашырлары М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, Ш.Ибраев секiлдi қоғам қайраткерлерiмен бiрлесе отырып, тоғызқұмалақ бапкерлерi тоғызқұмалақтың классикалық үлгiсiн жасайды. 1949 жылдан бастап, тоғызқұмалақ ойынының үлгiсi бiр iзге түстi. Бүгiнде дүниежүзi осы ережемен тоғызқұмалақты танып отыр.

Тоғызқұмалақ ережесі: бұл ойын арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен сегізін алып, біреуін орнында қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды. Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде, орны бос қалады. Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе екі-үш құмалақ бөліп алып жүруге болмайды. Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ кеми бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс мөлшері азая береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірі өз отауларында жүріс жасай алмай қалатын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші тауысып алып, жүріссіз қалуы «атсырау» деп аталады. Мәселен, қостаушы атсырауға ұшыраса, бұл жағдайда бастаушы қосымша бір жүріс жасап, барлық құмалақтарды өз қазанына салып алады. Сөйтіп, бастаушы жеңімпаз атанады. Егер ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса, ойын бірден тоқтатылып, сол ойыншы жеңімпаз болып танылады.

Тоғызқұмалақта қазақтың ұлттық дүниетанымы, болмысы, ұшқыр қиялы бар. Ол – қазiргi кезде спорт, өнер, ғылым үшiн сонау түркi халықтарының қайталанбас дүниетанымының ерекше көрiнiсi. Сондықтан тоғызқұмалақты мектептерде насихаттап, жастарға үйрету – оларға өз ұлтының руханиятын сіңірумен тең болады.

Асылан ЖЕҢІСҰЛЫ

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *