Алдағы жылымыз жаңалыққа толы болатын сыңайлы. Әрине, бұл жаңалықтар білім әлеміне де қатысты. Мәселен, еліміздегі барлық мектептер енді бес күндік жұмыс форматына көшетін болды. Бес күндік жұмыс мектеп директорларына, орынбасарлары мен мұғалімдерге, жалпы барлық қызметкерге қатысты. Олар да сенбі күні демалып, балаларына көңіл бөліп, отбасының ортасынан табылатын болады.
Бір айта кетерлігі, бұл өзгеріс оқу жылының созылуы және оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады. Білім әлеміндегі тағы бір жаңалық – еліміздің мектептері орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көше бастайды. Осыған орай, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары да жаңартылады. Сонымен қатар, мұғалімдердің жалақысы 2023 жылы қаңтардан бастап тағы 25 пайызға артады. Бұл ретте мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылатын болады. Мұғалім мәртебесінің артқаны емес пе, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен педагогтардың жалақысы 2020 жылдың қаңтарында 25 пайызға, 2021 жылдың қаңтарында тағы 25 пайызға өскен болатын.
«Қаратал-Ақпарат»