Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміз шекарасы бекітіліп, халықаралық аренада мемлекетіміздің беделінің өсуіне бағытталған шаралар жүзеге асты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Біз – бірлігі бекем, іргесі мығым елміз. Қасиетті Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін еңбек ету – қастерлі парызымыз».
Біздің бүгінгі мақсаттарымыз бен міндетіміз тұрғындарымыздың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеруге бағытталған.
Елдің даму көшінде Қараталдықтардың да өзіндік орны бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамып келеді.
Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, осынау жыл ішінде Қаратал ауданы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, аудан көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды. Атап айтсақ, біз жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, жол салу, ауданды газдандыру, жаңа инфрақұрылымдық, тұрғын үй, білім беру және басқа да нысандарды салу және жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргіздік. Мұның бәрі берекелі бірлігіміздің арқасында жеткен жетістіктеріміз. Алдағы уақытта да әлі талай игілікті істердің куәсі болатынымызға сенімдеміз.
Барша аудан халқын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын!
Ерлан ИСАБЕКОВ, аудан әкімі