Алматы және Жетісу облысның ішкі саясат басқармалары, «Қоғамдық даму орталығы» КММ,  «Арыс» қоғамдық қоры  «ЖЕТІСУ ТАРИХЫ: ЖАҢА КӨЗҚАРАС» тарихи-танымды ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба Тәуелсіз Қазақстанның шынайы да толыққанды тарихын жазып шығудағы архив деректеріне әрі көзкөргендердің естеліктеріне негізделген қанатқақты  көлемді әрі тұңғыш ғылыми-танымдық зерттеу жоба. Оның басты ерекшелігі – қарапайымнан күрделіге қарай, яғни әрбір ауыл, аудан тарихы мен жекелеген тұлғалардың ғұмырнамалық шежіресін зерттеу арқылы тұтас өңірдің, яғни Жетісудың толыққанды тарихи шежіресін жасақтау.

Ғылыми-зерттеу экспедициясының  Қаратал ауданындағы №13 орта мектепте  ұйымдастырған ауданның өлкетанушылары, тарих пәні мұғалімдері, архив, кітапхана қызметкерлері, ақсақалдар кеңесі, БАҚ, аналар ұйымы өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.

Ғылыми-зерттеу экспедициясының қатысушылары жиналғандарға жобаның мақсаты туралы хабарлама жасады. Алдымен сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Нұрпейіс Талдыбек Әліұлы Жетісу тарихының өзекті мәселелеріне тоқталды. Жетісу өңірінің отарлануынан бастап, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, тарихи орындар туралы баяндай келе сөйлеуші ғылыми-зерттеу экспедициясының мақсатын таратып айтып берді. Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін қайта зерделеу үшін құйма құлақ қарттар, өткен тарих деректерін жинастырып, басып шығару, ұлт кәдесіне жаратудың маңыздылығына тоқталды. Өткен ғасыр басындағы орыс жазалау отрядтарының қазақ ауылдарына қырғидай тиген тарихи оқиғаларын баяндай келе,  Алакөл ауданында кеңестік саясатқа қарсы шықты деп жазаланған Алясқар Басшығұлов туралы мәлімет бар екенін айтты. Жиналғандарға өлкетанушылық бағыттағы зерттеулер қорытындыларын, баяндамаларды «Жетісу тарихы» ғылыми-ақпараттық сайтына орналастыру мүмкіндігін айтып өтті.

Ғылыми-зерттеу экспедициясының қатысушысы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік мемлекеттік комиссия жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты phd-докторанты  Стамшалов Еркін Иманғазыұлының хабарламасына Жетісу өңірінің, соның ішінде Алакөл өңірінің XX ғасырдың 20-30 жылдардағы тарихына қатысты мәліметтер бөлісілді. Сөйлеуші саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның атқарып жатқан жұмыстарының қорытындыларымен бөлісіп, өңірдің өткен ғасырдың 20-50 жылдардағы түрлі тарихи катаклизмдердегі жайын әңгімеледі. 1930 жылдың басынан күштеп ұжымдастыруға, шаруашылық-саяси науқандарға қарсылық ретінде бұрқ ете қалған шаруалар көтерілістері, шекаралық аудандарда босқыншылықпен астасып жатты. Колхоздан, ауыр дайындау жоспарларынан, жалпы кеңес өкіметінің қысымынан қашқан босқында қарулы отрядтар көмегімен шекара асып жатты. ОГПУ мәліметтерінде Бүйен Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарында асыра сілтеу орын алғаны баяндалады. 1930 жылдың ақпан айында Бүйен Ақсу ауданының № 1-4, 6,12,13 ауылдарынан жиналған 500-дей шару № 3 ауылдың тұрғыны, бұрынғы болыс басқарушысы Бисетай Қылиевтің басқаруымен көтеріліске шықты. Көтерілісшілерді Қаратал, Сарқан аудандарының бірқатар ауылдарының М. Бұрханов, Р. Бөтебаев, С. Өтегенов бастаған шаруалары қолдады. ОГПУ мен жазалаушылар тарапынан көтерілісшілерге қарсы тұрақты армия бөлімдері, әскери авиация пайдаланылғаны айтылды. Алакөл өңірінің шекаралық пункттерінде Қытайға босқыншылыққа ұшыраған халық қырғынға ұшырады. Қапал, Абакумовка, Сарқан, Покатиловка, Алакөл, мекендерінде Бурханов, Өтегенов, Т.Тұрысбеков, Б.Қылиев, Қ.Қылиев, С.Қылиев, И. Дүйсебаев (Антоновка) Қожахет Әділбеков (Арасан) М.Дулатов, Қ. Байдашевтердің халық көтерілісіне басшылық жасағаны баяндалды. Қаратал ауданында 1931 жылдың қысында азық-тұлік тапшылығы болып, Үштөбе маңыйында орналасқан ет дайындау науқаны негізінде «Союзмясо» мекемесі қоймаларына 2000-нан астам аш шаруалар шабуылдаған. Аштықтан, түрлі күштеу шаруашылық-саяси науқандарынан мезі болған халық Қырғызстан, Қытай елдеріне босты. Бүйен Ақсу, Қапал, Ақсу, Қаратал, Қызылағаш, Сарқан ауданы аумағы 1930 жылдың көктемінде соғыс даласына айналды. Кеңестік өкімет жергілікті наразы шаруаларға қарсы тұрақты армия бөлімдерін, әскери авиацияны пайдаланды. Екінші дүниежүзілік соғысы басталған кезде алғашқылардың бірі болып Кеңестер одағының батыры атағын алған Илья Павлович Мазарук № 126 әскери самолетпен жергілікті халықтың наразылығына қатысушы шала қаруланған адамдарға әуеден оқ боратып, қырған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жетісу облыстық комиссия Жетісу өңірінде жалпы саны 23 ірі халық көтерілісі болғанын анықтады. Мыңдаған шаруалар өз туған жерлерін тастап, шетелге босты. Осындай Қырғызстанға босқан халық арасында Қаратал ауданының Қалпе ауылынан Тоқай әулеті де бар. Қазіргі Президентіміздің әкесі босқын шаруаның баласы ретінде балалар үйінде тәрбиеленген.

Экспедиция қатысушысы Қазақстан журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Қарабасов Жандарбек Қырықбайұлы Жетісу тарихына қатысты жарық көрген еңбектерімен таныстырып, өлке тарихының әлі толық зерттелмей жатқан мәселелеріне тоқталды. Хабарлама жасаушы өз сөзінде Ыбырайым Жайнақов, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұловтардың Жетісудағы тарихи оқиғалардағы ролін баяндап өтті. Өлкетану бағытындағы зерттеулердің маңызына тоқталған сөйлеуші, Алакөл өңірінің тарихын жазуды жергілікті көнекөз қариялардың, қолда сақталған деректердің маңыздылығын баса айтты. Жергілікті өлкетануышыларды белсенділігі аса маңызды екені айтылды.

Экспедиция қатысушыларының сөзінен кейін жергілікті ақсақалдар, өлкетанушылар, тарихшы ұстаздар сөз алды. Алдымен сөз алған  аудандық ақсақалдар айымының төрағасы Рахымғали Өтегенов жоба маңыздылығын атап көрсетіп, жергілікті өлкетанушылардың ізденістерінен мысал көрсетті. Қараша Қараман «Қаратал ақтаңдақтары» кітабын жарияласа, Шорман Қабдырахманұлының «Бодандық» атты тарихи-деректі кітабы жарық көрген. Қаратал ауданы Үштөбе қаласы №13 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлнәр Жаңабаева оқушылардың ғылыми зерттеу жобасы аясында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жергілікті тұлғалардың өмірі мен қызметіне зерттеу жүргізген тәжірибесімен бөлісті. Ғылыми-зерттеу экспедициясының бұдан арғы жұмысы Қаратал аудандық архивінде, қалалық кітапханада жалғасты. Қаратал аудандық архивінде жалпы саны 161 қор, 43399 сақтау бірлігі бар. Архив директоры Жанат Қайыпқызы Кутушева мұрағаттың жеке құрам бойынша ғана істер сақталғанын баяндады.

P.S. «Жетісу тарихы:жаңа көзқарас» тарихи-танымдық ғылыми-зерттеу жобасының байланыс контактілері:

Жобаның үйлестірушісі: Фархат Нәлібаев тел.: 8 778 888 30 20;

Електрондық пошта:anes gk@mail.ru

Сайт:https://jetisu-tarih.kz/

Балгерім ТҰМАН

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *