«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған.
2022 жылдың басынан бастап, «Зекет» қайырымдылық қоры, «Ел үлесі пәтерге» жобасымен үш отбасына үй сатып алып берді. Мұқтаж отбасыларға төрт бас ірі-қара, жүз отыз бас қой-ешкі және 250 000 теңге ақшалай берді. «Мектепке жол» акциясы аясында отыз балаға мектепке арналған киім-кишек, сөмке және қажетті құралдар алып берді. Рамазан айында екі мың адамға ауызашар дастарханы таратылды. Төрт жүз отыз бір отбасына бір түйе, үш сиыр, жүз он бес қой, он бес ешкі еті таратылды. Қайырымдылық акциясымен барлығы жүз жиырма іс-шара өткізіліп, азық түлік таратып, отыз бір отбасына бір тоннадан көмір түсірді.
Әлсіздерге, кедейлерге жәрдемдескен адам өзінің адамгершілігін айғақтайды. Біреудің қайғысына ортақтасу арқылы өз өміріне басқаша қарай бастайды, құндылықтарын қайта зерделейді. Кезінде маңызды көрінген, көңілге маза бермеген мәселелердің түкке тұрғысыз екенін түйсінеді. Қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады. Ауданымыздың кәсіпкері Серікжан Бақытұлының демеушілігімен «Зекет-қайырымдылық қорының» өкілі Қанат Егізұлының жетекшілігімен, Жанаталап ауылына он қой, Сарыбұлақ ауылына он қой, Үштөбе қаласына жиырма қой, жалпы есеппен барлығы қырық қой зекетін таратып сауапты амалға ие болды.
Құрметті Қаратал ауданының кәсіпкерлері! Сіздерді қайырымдылық жасауға шақырамыз!
Азат АЙТБАЕВА,
«Қаратал ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ-нің бас маманы