Заман талабына сай білім бере отырып, оқушы бойында танымдық қабілетін дамыту – бүгінгі таңда ұстаз үшін үлкен жауапты іс. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады » деген ұлы  Абай. Ұлы ақын сөзі еш уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның дамуына өз үлесін қосады.

«Дарындылық тұжырымдамалары» атты психологтар дайындаған құжатта «Дарынды бала дегеніміз – айрықша жетістіктермен ерекшеленетін және іс-әрекет барысында сондай жетістіктерге ұмтылатын баланы айтамыз» делінген. Сонымен, дарынды деп психология ғылымында атап  көрсетілгендей, адамның бір іске айрықша қабілеттілігі, өмірдің қандай да бір саласында өзін ерекше қырынан көрсетуін айтамыз.

Әрбір жеке тұлғаның болашағы өзі оқыған  мектебінде айқындалады. Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Мектеп оқушыларының ішінде қазіргі заман талабына сай, ой-өрістері кең, дарынды, шығармашылық қабілеттері бар оқушылар көп. Әрбір жеке тұлғаның бойында өнерге, шығармашылыққа, спортқа деген ынтасы, дарыны болады. Ал оқушы бойындағы дарындылықты байқап, әрі қарай шыңдау – мұғалімнің шеберлігі. Соның нәтижесін көрсетіп отырған  №13 орта мектеп жанындағы 7 «А» сынып оқушысы  Әліби Нұрәліні мақтанышпен айтамын . «Атадан-Мұра» қоғамдық  қорының  мектеп оқушылары арасында  ұйымдастырылған  Республикалық  байқауында «Ғылыми жоба »номинациясы бойынша  үздік білім көрсеткені үшін Әліби Нұрәлі  бірінші орын иеленді. Жетекшісі Қаламқас Ахмет. Қаламқас Мейрашқызы өз пәнінің шебері, білімді, білікті ұстаз. Шәкірті  Нұрәліні  ғылыми  жоба байқауына  жауапкершілікпен дайындаған. Оның  дәлелі әділ-қазылар алқасы  ғылыми жобаның  өзектілігіне және ғылымилығына риза  болды.

Қазіргі заманға сай жеке тұлға қалыптастыру үшін оған ықпал ететін басты адам – жаңашыл, шығармашыл ұстаз. Мұғалімнің шығармашылығы мен жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылығының арқасында ғана оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, бойындағы ерекше қасиеттерін дамытуға мүмкіндік ашылады. Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай депті: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады».  Бұл пікірмен толық келісуге болады. Өз пәнін сүйетін әр ұстаз оқушыларын қызықтыра, шығармашылыққа жетелей алады, болашағына бағдар бере алады деп ойлаймын.

Әдебиет– сөз өнері, ұлттық қазына, асыл мұра. Әдебиет – ұлттық танымның қайнар көзі, әсемдік әлемі. Ол – әдемілікті, асыл сөзді, құдіретті өнерді үйрететін ғажайып. Әдебиет- жан дүниені, он екі мүшені, алпыс екі тамырды түгелдей жайлап, еш уақытта да көзге көрінбейтін сезім қылдары арқылы ақыл иесі адамды жетелеп алатын қасиетті дүние.    Оқушы бойында ізгі қасиеттерді қалыптастыруда әдебиеттің атқаратын міндеті ерекше. Жүлделі орынды  иеленіп келген  Нұрәлінің  әлі талай биіктерден көрінетіне сенімдімін.

Қорыта айтқанда, мектебімізде суырылып «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған дарынды оқушыларымыз жеткілікті. Тек әр ұстаз дер кезінде алдында отырған шәкіртінің табиғи дарынын танып, оны одан әрі дамытуға күш жұмсауы керек. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін ашу, шығармашылыққа жетелеу – мұғалім міндеті. Олай болса, менің осындай шәкіртерімнің  болашақта білімнің биік шыңын бағындыратынына сенімім мол. Дарынды оқушы – ұлт болашағы екені даусыз.

Шұға ГАБДУЛКАКИМҚЫЗЫ, 

№13 орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі  

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *