Жақында Үшарал қаласында Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке Тәуелсіздік күніне орай, Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аталған мекемеде талай жыл қызмет еткен Аленхан Ортабаевтың рухына арнап Жетісу облысының аймақтық колледж педагогтары арасында волейболдан еске алу турнирі өтті.
Спорттық шараның ашылу салтанаты Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Мұхтар Каримовтың алғы сөзімен басталды. Мұхтар Әлібекұлы жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Шараға марқұммен бірге еңбек еткен әріптестерімен қатар жұбайы қатысып, Аленхан Мұхаметханұлы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
-Осы колледжде біз 17-18 жылдай жұмыс істедік. Жарысты ұйымдастырып жатқан колледж ұжымына шексіз алғысымды айтамын,-деді марқұмның жұбайы Күлбарам Нүсіпова.
Турнирге алты оқу орнының намысын арқалай келген 6 команда қатысты. Ақсу, Сарқан, Қапал, Тоқжайлау мен алакөлдік ұстаздардың құрамасынан тұрған топтар тартысты ойын көрсетіп, турнирді қызықты додаға айналдырды.
Әрқайсысы әуесқой спортшы болса да, жақсы көрсеткішпен ойынды аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Ақсу политехникалық колледжі» алды. Екінші орынды аз ғана айырмашылықпен «Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі» иеленсе, үшінші орын «Сарқан гуманитарлық колледжіне» бұйырды.
Турнир аяғында жеңіске жеткен командаларға арнайы бағалы сыйлықтар беріліп, қатысушы топтарға алғысхат табысталды.
Қарлығаш ЕРКІН,
«Alakol TV» телестудиясының журналисі