Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Жетісу облысы білім басқармасымен бірлесіп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының слетін ұйымдастырды.
Слетке ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жумабаев, Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Башаров, сондай-ақ команда капитандары мен клуб қатысушылары қатысты.
Адал ұрпақ тәрбиелеу – қай уақытта болса да өз маңыздылығын жоғалтпаған мәселе. Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы атап өткендей «Біздің баршамыздың парызымыз – өз халқының мүддесін өзінен жоғары қоятын, адалдық, бауырластық, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңіре білген ұрпақты тәрбиелеу. Біз болашақ ұрпағымызды тек тәрбие мен білімге ғана емес, адал еңбекке де үйретуіміз керек. Адал еңбекқорлық өз еліне адал қызмет етуден және сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен аулақ болудан тұрады. Өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуы үшін мектеп қабырғасынан бастап осы бағытта тәрбие беру маңызды».
Жемқорлыққа қарсылық білім берудің барлық сатысында жүргізілуге тиісті және мемлекеттік білім стандарттары аясында, жалпы білім беру бағдарламаларына негізделген, қоғам мен мемлекеттің, жеке тұлғаның мүдделеріне ыңғайластырылған білім беру мен тәрбиелеудің мақсатты үдерісі ретінде ел игілігіне қызмет етуге міндетті. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарын осы тұрғыда оқушылар бойында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыратын, құқықтық сана мен мәдениеттің деңгейін арттыратын ерікті бірлестік ретінде қабылдауға болады. Бұл қозғалыс мектептердегі жемқорлықа қарсы мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, құқықтық білімді де кеңінен насихаттайды. Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті нығайту жөніндегі бастамалар мен жемқорлыққа қарсы шараларға белсене қатысу лайықты түрде марапатталады. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Талдықорған қаласының «Шекіндік» командасы иеленді, ІІ орынға Алакөл ауданының «Адалдық ұландары» командасы қол жеткізсе, ІІІ орын тұғырынан Сарқан ауданының «Адал ұрпақ» командасы көрінді.
Сонымен қатар, Қаратал, Көксу, Кербұлақ аудандарының командалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы үздік үлесі үшін номинациялармен марапатталды. Жоғарыда аталған командаларға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табысталды. Басқа да командалар ынталандыру сыйлықтарын алды.
Естеріңізге сала кетейік, слетке әр аудан мен қаланың «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының үздік командаларының 10 капитаны қатысты. Команда капитандары аудан оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша өз жобаларын қорғап, үздік әндерді орындады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі