Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінде «Жұмыс берушілер күні» өтті. Іс-шараның мақсаты – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен одан әрі тиімді өзара іс-қимыл жасау.
Шараға әр мамандық бойынша колледжбен әріптестік байланыс орнатып, білім алушыларды практика базасымен қамтамасыз етіп отырған әр мекеме басшылары мен өкілдері қатысты. Іс-шара аясында оқу-өндірістік шеберханалар бойынша таныстыру экскурсиясы, колледж студенттерімен әңгімелесу өткізілді және біршама жұмыс беруші мекемелермен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
-Біздің қазіргі уақытта 31 серіктесіміз бар. Олармен келісімшарт жасағанбыз. Бүгін жаңадан кәсіпкерлер шақырылды. Бізде оқып жатқан болашақ мамандардың кәсіпорындарда тәжірибеден өтуіне жағдай жасап жатырмыз. Кәсіпкерлер студенттеріміздің қабілетін көріп, өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Біздің міндет – жергілікті экономиканың қажеттілігіне қарай маман дайындау. Болашақта жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істейміз деген сенімдеміз,- деді Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Мұхтар Каримов.
Шара соңында колледждің үздік жұмыс берушілерге және машықтандыру жұмыстарына қосқан үлесі үшін әлеуметтік серіктестіктер алғыс хаттармен марапатталды.
Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі