Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мақсатында Жетісу облысында жыл сайын өтетін ауылдық мәдениет үйлері, кітапхана мен музейлер арасындағы «Ауылым-алтын бесігім» байқауының қорытындысы шықты. Алакөл ауданына 2 аталым бойынша жүлде бұйырды. Жеңімпаз мекемелердің басшыларын Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли марапаттады.
Байқауға облыс бойынша 30 нысан қатысты. Нақтырақ айтқанда, 10 мәдениет үйі, 3 ауылдық клуб, 7 музей мен 10 кітапхана. Бәрі де жарысқа белсене қатысты, жетістіктерін көрсетіп, мүмкіндіктерін паш етті. Рухани бәйгеге мәдениет майталмандары қазылық етті. Атап айтсақ, Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Айгүл Сәбитова, С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың аға кітапханашысы Ғалия Ешенова, облыстық көркемсурет галереясының директоры Қайрат Қаблисанов, М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Арман Қуандықов, халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асқар Нұрмұхаметов байқауды бағалады.
Жеңімпаздар 3 аталым бойынша анықталды. Әрбірінде 3 орын және 2 ынталандыру жүлдесі бар. Мәдениет үйлері мен клубтар бойынша ынталандыру жүлдесін Кербұлақ ауданындағы Алтынемел ауылдық Мәдениет үйі және Көксу ауданындағы Талапты ауылдық клубы еншілеп, 300 мың теңге иеленді. Ал Сарқан ауданы, Шатырбай ауылдық Мәдениет үйі ІІІ орын иегері деп танылып, 300 мың теңгені қанжылады. Ескелді ауданындағы Бақтыбай ауылдық Мәдениет үйі ІІ-орын, Алакөл ауданындағы Қабанбай ауылдық Мәдениет үйі І-орын иегері саналып, дыбыс аппаратурасымен марапатталды. Бас жүлде – дыбыс аппаратурасы және 200 мың теңге ақшалай сыйлықпен Ақсу ауданы, Ойтоған ауылдық клубына табысталды.
Кітапханалар бойынша Текелі қалалық және Қаратал ауданындағы Қанабек ауылдық кітапханасы ынталандыру сыйлығын иемденді. ІІІ орын Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылдық кітапханасына бұйырды. Қабанбай ауылдық кітапханасы ІІ орын, Кербұлақ ауданындағы Шанханай ауылдық кітапханасы І орын иегері деп танылды. Музейлер бойынша ІІІ орын Ақсу ауданы, Ақын Сара мемориалды музейіне, ІІ орын Сарқан ауданындағы М. Төлебаев мемориалды музейіне, І орын алакөлдік Лепсі тарихи музейіне берілді. Аталған кітапхана мен музейлер 200-300 мың теңге мен музыкалық аппаратураға ие болды.
Асылан ЖЕҢІСҰЛЫ