Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «балалар жылы» деп жариялаған еді. Алакөл ауданында жыл басынан бері балаларды қорғау мен қолдауға арналған түрлі іс-шаралар өтті. Енді міне, Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде балалар жылы қорытындыланып, атқарылған істер сараланды.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов спорт, өнер, білім және ғылым салаларында жетістікке жеткен 35 жасөспірімді марапаттады. Олардың 10-ы халықаралық жарыстан жүлдемен оралса, 15-і республикалық, қалғаны облыстық байқауларда топ жарған. Марапаттау рәсімінен соң балалар шығармашылық орталығының оқушылары өз өнерлерін паш етті. Жасампаз жасөспірімдер таланттарымен таңқалдырды.
Биылғы балалар жылының бір жетістігі – Алакөл ауданындағы балаларға арналған үйірмелердің көбеюі. Сол үйірмелер арқылы қабілетін дамытқан жасөспірімдер ірі байқауларда бақ сынап, жеңіспен оралып жүр. Жақында З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде аудан үйірмелері де балалар жылын қорытындылады. Салтанатты жиынға «Артспорт» үйірмелерінен 400-дей бала қатысты.
Шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ибраимов сөз сөйлеп, жыл жетістіктерін саралады. Сонымен бірге белгілі ақын Тезекбай Садиев балаларға бата беріп, ақжарма тілегін айтты. Қорытынды концертте ауданның әр аймағынан келген балалар өнер көрсетті. Олар өздері қатысатын үйірмеден үйренгендерін көрермендерге ұсынды. Концерттен бөлек, мәдениет үйінің аллеясында шығармашылық көрме ұйымдастырылды. Онда балалар салған суреттер мен қолөнер бұйымдары қойылды.
Шара соңында кәсіби біліктілігі үшін бірқатар мұғалімдер және шығармашылық белсенділігі үшін бірнеше жасөспірім марапатталды. Оларға диплом мен арнайы сыйлық табысталды.
Жас ұрпақты тәрбиелеуде үйірмелердің маңызы зор. Аудан үйірмелері әрі қарай да балаларды жан-жақты дамыту үшін жұмыс істеуді жалғастырмақ. Жалпы, Алакөл ауданында балалар жылы сәтті өтті. Болашақ кепілі балаларды қолдау – өңір саясатының басым бағыты болып қала бермек.
Асылан ЖЕҢІСҰЛЫ