Жыл сайын жаңа жылды жаңа үмітпен күтетініміз анық. Алдағы жылымыз да жаңалығымен келе жатқан сыңайлы. Әсіресе, жылдың жаңалығын зейнеттегі қарияларымыздың айрықша күтетіні сөзсіз. Сондықтан жаңа жыл қарияларымыз үшін тосын сыймен басталмақшы. Елімізде зейнетақы өсіп, ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы 2023 жылдан бастап 40 567 теңгені құрайтын болды.

Бұған қоса, ендігі жерде базалық зейнетақы мөлшерін біртіндеп ЕКД көлемінен 70 пайызға дейін арттыру жағы да көзделіп отыр. Мәселен, бірінші кезеңде 2023 жылдан бастап күнкөріс деңгейінің 60 пайызын құраса, ол кезегімен 24 341 теңге болуы тиіс. Сонымен қатар, зейнетақының ең төменгі көлемі (1998 жылға дейін толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар үшін ортақ зейнетақы төлемі) жаңа жылдан бастап 53 076 теңгені құрайтын болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, 10,5 пайызға артық. Сондай-ақ, жас мөлшері бойынша бекітілген зейнетақы төлемдері, белгіленген жасқа жету бойынша төленетін төлемдер де 10,5 пайызға артатын болды. Тағы бір жағымды жаңалық – айлық есептік көрсеткіш көлемі ұлғайып, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3450 теңгені құрайтын болды.

Жаңа жылдан бастап сәуірде енгізілген көрсеткішке қарағанда 8,5 пайызға артық болатын бірыңғай сома қолданысқа енгізілетін болады. Жалпы, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл мен салық және т.б. төлемдер мөлшері артқалы отыр. Бала күтімі бойынша отыратын аналарға төленетін төлем мерзімі 1,5 жылға дейін ұзарады. Бұл ретте ата-аналар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап сәбилерімен ұзағырақ уақыт өткізетін болады. Мәселен, Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтуды жұмыста жүрген және жұмыс істемейтін де ата-аналардың пайдалануына болады. Бұл мақсат үшін республикалық бюджеттен қосымша 183,5 миллиард теңге бөлді.

Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап от пен өрттің бел ортасында жүретін жанкешті еңбек иелері – өрт сөндірушілердің де жалақысы ұлғаяды. Өрт сөндірушілердің жалақысы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 пайыздан 70 пайызға дейін көтерілетін болды. Мұндағы 70 пайыз – қатардағы барлық қызметкерлер үшін, ол қызметке енді ғана кірісіп жатқан жас мамандарға үлкен көмек. Ал басшылық құрамдағы қызметкерлерге 10 пайыздан қосымша төлем қосылатын болады.

Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *