Оқырмандарының көзайымы болған, жаңалықтың жаршысы, өзіндік тарихы бар қасиетті «QARATAL» газетінің 90 жылдығына арналған салтанатты шара жиырма үшінші желтоқсанда өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, белгілі журналистер, жазушылар, ұстаздар, мекеме басшылары және мәдениет қызметкерлері қатысты.
«QARATAL» газеті өз заманының келелі, түйткілді мәселелерін жан-жақты қозғап, халық пен билік арасын жалғастырушы алтын көпір бола білді. «Қаратал» газеті тек өзі өмір сүрген заманында ғана емес, келешек ұрпаққа да қазақ өмірінен сыр шертетін тарихи басылымға айналды. Өз дәуірінің өзекті мәселелерін тілге тиек ете отырып, ащы шындықты әшкерелеп, халық атынан сөйлей білген қаламгерлердің жазбаларының арқасында бұқара халық елдегі жағдайлардан хабардар болып отырды. Сонымен қатар, аталмыш басылым 90 жыл ішінде ел тарихында күрделі құбылыстардың, қоғамдық сілкіністердің куәсі болды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары газет бетінде халқымыздың басына төнген ашаршылық пен қиын-қыстау жылдары, саяси-қуғын сүргін кезеңдері, Ұлы Отан соғысынан бастап, бүгінгі тәуелсіздік жылдарының жылнамасы іспеттес тарихқа толы мақалалар мен очерктер тұрақты жарияланып келді және бүгінгі күні де жалғасын табуда.
Газетіміздің тарихына көз жүгіртсек, аталмыш басылым түрлі кезеңдерді бастан өткерді. Аптасына үш рет басылып шығатын, оның әрқайсысы төрт беттік, қазақ-орыс тіліндегі газеттің барлық материалдары бүгінгідей компьютерде емес, түгелдерлік баспахананың қорғасын құймалы менотип машинасында тіркелген. Содан кейін ғана басу цехында басылып шығаратын. Сол кездері баспахана мен редакция бір мекеме болып «Екпінді еңбек» газетінің редакциясы аталған. Әр жылдары бірқатар білікті редакторлор басқарды. Газет ұжымында талантты журналистер қызмет етті. Ал, 2020 жылдан бастап «QARATAL» газеті ЖШС директоры қызметін Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Нұрланбек Несіпбаев абыройлы атқаруда. Қазіргі таңда танымал журналистердің ізін жалғастырып келе жатқан «QARATAL» газетінің бас редакторы, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Альфита Сексенбаева да жемісті қызмет етіп келеді. Бүгінгі күні газетіміз көркейіп, аудандық қана емес, Алматы және Жетісу облыстық газет атанып отыр. Бұл деген үлкен мәртебе, газетіміздің дамуы деуге болады.
Салтанатты жиын басталмас бұрын келген қонақтар «Киелі өлке –Қаратал» атты кітаптар көрмесімен және Қаратал газеті ұжымы мен мамандарының дипломдары мен түрлі дәрежеде алған марапаттық жетістіктерімен қоса ескі жылдардың газет сандары сақталған стендтерін тамашалады.

Әрі қарай жиын Көкпекті ауылдық мәдениет үйінің әжелер ансамблінің орындауында Рақымғали Өтегеновтің сүйемелдеуімен «Қараталым» әнімен бастау алды. Содан кейін жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдар Қарбозұлы құттықтау сөзімен жалғастырды. Ол келген қонақтарға ыстық лебізін білдіріп, газеттің 90 жылдық мерейлі күнімен құттықтай отырып, Қаратал газетінде еңбек еткен, атап айтқанда Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері Әли Ысқабай, Ғарифолла Шаяхметовке шапан кигізіп, Кульбану Иманбаеваға күрме жапты.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге белсене қатысып, саяси оқиғаның заң талаптарына сай, байыпты өтуіне қосқан үлесі үшін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың және газеттің 90 жылдығына орай аудан әкімі Ерлан Исабековтың алғыс хатымен «QARATAL» газеті ЖШС-нің директоры Нұрланбек Далыбайұлы марапатталды.

Ізгі іс шара жалғасында «QARATAL» газеті ЖШС-нің директоры Нұрланбек Далыбайұлы сөз алып, көпшілікке ақжарма тілегін айтып, басылым ұжымы мен ұзақ жылдар бойы қоғамдық тілші болған бірқатар қалам иелері және басылым жанашырларының кеуделеріне «Қаратал» газетіне 90 жыл» мерекелік медальдар тағып, алғыс хаттармен марапаттады.

Өз кезектерінде келген қонақтар да сөз алып, жылы лебіздерін білдіріп, шынайы эмоцияларымен бөлісті. Шара аудандық мәдениет үйі әншілерінің ән-шашуымен жалғасын тапты.
Қаратал ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі