Жер жүзі 2022 жылды тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа 2023 жылға қадам баспақ. Әлбетте, өткен жыл басы қасіретті қаңтар оқиғасымен басталып, ел халқы үшін өте ауыр болды. Қаншама отбасы жақындарынан айырылды. Көптеген адам азап шекті. Ең бастысы – көптің тілеуімен жағдай тұрақталып, бәрі қалыпқа келді. Көзді ашып жұмғанша жыл аяқталыпты.

Ауданымыздағы қара шаңырақтың бірі саналатын «QARATAL» газеті де түрлі сыннан сүрінбей өтіп, жыл бойы оқырмандарға жол тартып, олармен байланысты үзген жоқ. Біз жекешелендірілген газет болғанымыз де елдің қызметін үйлестіру жолындағы азаматтардың шынайы келбетін жасап, алыстағы жерлестердің тірлігін Қаратал жұртына жеткізуді мақсат тұтамыз. Редакция ұжымы жыл бойы елдің дамуына оң ықпал етер бірқатар тақырыпты көтеріп, кейбір мәселелердің дұрыс шешілуіне мінсіз қызмет етті. Азды-көпті жеткен жетістіктеріміз де жоқ емес. Алдағы жылы газетіміз аудан аумағында ғана емес, Жетісу және Алматы облысының әр елді мекені мен аудан халқына жол тартпақ. Демек бізге жүктелген міндет пен жауапкершілік те жоғары болмақ.

Әрине газет үшін ең бастысы – оқырманның талап-сұранысына қарай бетбұрыс жасау. Сол үшін тер төгіп келе жатқан басылым ұжымы келешекте де осы бағыттан таймақ емес. Жаңа айдарлар, идея-бастамаларға толы жоспар-жобалар жүзеге асары сөзсіз. Біздің мақсат – қалың бұқараның ортасынан табылып, елдік мүдде жолында еңбек ету. Дегенмен, соның бәрін оқырманның сұранысымен үндестіре білу парыз. Өйткені, біздің оқырман – қалың бұқара. Бұқара дегеніміз – аудан халқы. Сондықтан да жыл бойы бізбен бірге болған барша оқырмандарымызға шексіз алғыс білдіріп, алдағы жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына амандық, шаттық бен бақыт тілеймін!

Міржақып Дулатұлы айтпақшы, «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты». Ал, «баспасөз – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» (А.Байтұрсынұлы) екені даусыз. Бұл баға-анықтамаларға біздің алып-қосарымыз жоқ. Жаңа 2023 жылдан күтеріміз – елдің әл-ауқатының артуы, тұрмыстың ауыртпалығы жеңілдеп, ақжарылқап заманға шығып, іс-әрекетіміздің сәтті жүзеге асуы. Ықылас пен ниетке алғау түспей, адал көңілдегі жоспар-жобамыз селкеусіз сеніммен оңғарылып кетсе, жұмыр басты пендеге одан артық нендей бақыт бар дейсіз?! Тек әрдайым халықтың бірлігі мен ынтымағы жарасым тапсын.Әппақ көңілдің ақжарқын тілегі сол. Бізді оқыңыз, әрқашан Сізбен біргеміз, қадірлі оқырман!

Альфита СЕКСЕНБАЕВА, «Қаратал» газетінің бас редакторы

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *