Құрметті қараталдықтар! Сіздерді келе жатқан 2023 жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – бұл өміріміздегі ең жарқын мерекелердің бірі. Бұл үміт пен батыл жоспарлар уақыты. Жаңа Жылды қарсы алған сайын біз ең биік сезімдерді сезінеміз: қуаныш, шаттық және болашаққа деген сенім.
Өткен жыл біз үшін жемісті және табысты оқиғаларға толы болды. Біз жаңа кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту, тұрақты жұмыс орындарын құру, жол салу, ауданды газдандыру, жаңа инфрақұрылымдық, тұрғын үй, білім беру және басқа да нысандарды салу және жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргіздік.
Ауданда «Қазсиликон» МК ЖШС, «Алматыэнергопрожект» күн электр станциясы, «Qazyna» инновациялық фермасы, «QAZAQ OIL» автожанармай құю станциясы және т.б. бірнеше ірі инвестициялық жобалар іске қосылды. Бұл жалпы 300-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда, 7 ауыл аймағында газдандыру жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа, Үштөбе қаласы мен Бастөбе, Ортатөбе, Тастөбе ауылдарында газ құбырының құрылысы белсенді жүріп жатыр, сондай-ақ Қаражиде, Көкпекті және Жылыбұлақ ауылдарын газдандыру бойынша жобалар әзірленуде. Аудан бойынша барлығы 155,1 км газ тарату жүйесі орнатылады, 10,5 мың ауыл тұрғыны немесе 2 296 аула орталықтандырылған газ жүйесімен қамтамасыз етіледі.
30 пәтерлі жаңа тұрғын үй, Кемел Тоқаев мектебіне жаңа оқу блогы, Ортатөбе ауылында жаңа мектеп, «Шаңырақ» ықшам ауданының ауласын жаңарту, Кәлпе ауылында жаңа спорт алаңы құрылыстары толығымен аяқталды. Сонымен бірге, биылғы жылы орталық аудандық аурухананың ұзақ уақытқа созылған күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап, аудандық мәдениет үйін, Қанабек ауылындағы мәдениет үйін, орталық саябақты, мектептерді жөндеуден өткіздік. Жаңа скверлер, балалар, спорт алаңдары салынып, Қарақұм және Үшкөмей ауылдарында блок-модульдік конструкция негізінде екі фельдшерлік-акушерлік пунктер салынды.
Негізгі бағыттар бойынша қанағаттанарлықсыз жағдайда болған барлық автомобиль жолдары жөнделді. Бұлар Кәлпе-Тастөбе, Жаңаталап-Көкпекті, Бастөбе-Жылыбұлақ, Алмалы-Көпбірлік, Жаңаталап-Жасталап, Ескелді-Көкдала тас жолдары. Алдағы жоспарларда Үштөбе-Кішітөбе, Үштөбе-Күрішдаласы, Жасталап-Алмалы, сондай-ақ Талдықорған тас жолынан Қаражиде ауылына дейінгі жолдарда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша Қаратал ауданы облыста алдыңғы қатарға ие болды. Бұл өзгерістердің бәрі, әрбір қараталдықтың еңбегінің арқасы. Барлық аудан тұрғындарына аудан өміріне белсенді қатысқаны үшін, сенім, түсіністігі үшін алғыс айтамын. Келер жылы алдымызға қойған биік мақсаттарға біз тек бірігіп қана қол жеткізе аламыз.
Құрметті жерлестер!
Келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар! Жаңа жылда сіздерге бақыт, денсаулық, амандық пен жақсылық тілеймін. Келер жылы ойлаған барлық армандарыңыз іске асырылсын!
Ерлан ИСАБЕКОВ, аудан әкімі