Міне, күні кеше ғана қарсы алған 2023 жылымыздың алғашқы апталары да өтіп барады. «Күнтізбелік жаңа жылдың алғашқы аптасы несімен есте қалды?» дегенде, күні кеше – 5 қаңтарда өткен Мәжілістің жиыны ойға оралады. Отырыс тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең бір қатерлі де қасіретті кезеңге айналған 2022 жылдың еншісіндегі қаңтар дүрбелеңіне арналды. Осы оқиғаға орай күні бүгінге дейін халықты алаңдатқан көптеген сауалдарға күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар басшылары депутаттар алдында ақпарат берді. Жиынға еліміздің Бас прокуроры, Ішкі істер министрі мен өзге де сала басшылары, заңгерлер мен сарапшылар, оқиға куәгерлері қатысты. Депутаттар қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталды»

Жалпы отырысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ашқаннан кейін, «Жаңа Қазақстан» тобының атынан Еділ Жаңбыршин Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады. – Қаңтар күндері Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жан-жүрегімізбен сезіндік… Бүгінде халықтың көкейінде әлі де жауабы жоқ сұрақтар жеткілікті. Сонымен, «Мұны ұйымдастырған кімдер, өйткені барлық өңірлерде бір мезгілде толқулар басталды және қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды?», «Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді?», «Лауазымдық міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау, кездейсоқ қаза болған азаматтарымыздың жақындарына көмек көрсету бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?» деген сауалдар ел ішінде айтылып жүр. Ендігі жерде болған оқиға бойынша толық түсінік қажет. Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек қана болжамдар бар. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттардың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдарының тергеу амалдарының қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз, – деген депутат Еділ Жаңбыршин тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар халықтың көкейіндегі сауалдарға бүкпесіз ашық жауап беруі қажеттігіне маңыз берді.

«Мемлекеттік төңкеріс әрекеті»

Бас прокурор бұл оқиғаны мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп бағалады және тергеу аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталды.

– Бүгінде қолымызда толық мәлімет бар. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болған. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздестіру жалғасуда. Қылмыскерлер жауапқа тартылып жатыр, оның ішінде қызмет мүддесіне опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап қалдық. Сол күндері барлық заңдар бұзылды. Қоғамда бейбіт митинг өткізу мәдениеті қалыптаспағанын мойындауымыз керек. Адамдар жиналып, көшеге шыққан кезде бейбіт митингтер туралы заңның барлық нормаларын бұзды. Ұйымдастырушылар әкімдікті хабардар етпей, мыңдаған адамды жинады. Уатсап пен Телеграм арқылы тәртіпсіздікке қатысушылардың жиналуын және қозғалысын үйлестірген. Алматыда санаулы сағаттар ішінде бір топта қатысушылар саны 5 жарым мыңға дейін көбейді. Сол секілді, Жамбыл облысында чатта қатысушылар саны 4 мыңға дейін өсті. Кейін «тобыр әсері» орын алып, адамдар полицияның заңды талабын орындамай, қарсылық көрсетті. Өрт қойып, тонады және күш қолдана бастады. Ал бұл дегеніміз – нағыз қылмыс. Бұл үшін Алматыға арнайы көрші облыстардан адамдар келген. Кейін жағдай одан әрі ушыға түсті. Тек бір күнде – 5 қаңтарда 8 өңірде әкімдіктерге денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Дәл сондай қатерлі жағдай 5 қаңтар күні орын алып, 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты, – деді Бас прокурор.

«Тәуелсіздікке жасалған қастандық»

Берік Асылов ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұловқа қатысты мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша іс сотқа берілгеніне тоқталды. Ал оның тағы екі бұрынғы орынбасарлары – Ерғожин билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдалану бойынша айыпталса, Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.

Отырыста қаңтардағы оқиғаларды тәуелсіз тергеумен айналысатын қоғам белсенділеріне, сондай-ақ оқиғаның бел ортасында жүріп, сол күндердің тікелей куәгерлері болған полицейлерге, дәрігерлерге, кәсіпкерлерге және еріктілерге сөз берілді. Депутаттар баяндамашылар мен құзырлы мемлекеттік органдар өкілдеріне халық көкейінде жүрген өзекті сұрақтарды қойды. Еділ Жаңбыршин қақтығыс кезінде бұрмаланған фейк ақпараттар бірнеше мақсатта таралғанын атап өтті. Атап айтқанда: «Қазақстан халқының, халықаралық қауымдастықтың алдында Президенттің беделін түсіру; елімізде атқарылып жатқан саяси және экономикалық трансформациялар ескі билікке тиімсіз екені даусыз; жалған ақпараттар тарату арқылы оң өзгерістерге халықты қарсы қойып, кедергілер келтіру», – деді депутат.

Депутат Ерлан Саиров «қаңтардағы оқиға жүйелі әділетсіздіктен шаршаған азаматтардың бейбіт наразылығынан басталғанына назар аударды. «Азаматтардың бейбіт, әділ талаптарын реваншисттер өз мақсатында пайдаланып кетті. Олардың саяси-экстремистік арандату іс-әрекеттерінің нәтижесінде жаппай тәртіпсіздікке жол берілді, мемлекеттік органдарға қарулы шабуыл жасалды, Алматы мен басқа да қалалар зардап шекті», – десе, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздікті, бейбіт наразылық пен мемлекеттік төңкерісті шатастыруға болмайтынын» айтты. Ал оны ұйымдастырушылар адамдарды және бейбіт митингілерді пайдаланып кеткен.

– Бұл, ашығын айтқанда, Тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын! Бірақ Президентіміздің ерік-жігері, халқымыздың ақылпарасаты мен бірлігі, қатардағы полицейлердің, дәрігерлердің, еріктілердің ерлігі арқасында біз мемлекеттігімізді қорғап, бейберекетсіздікке жол бермедік, – деген Ерлан Қошанов қаңтар оқиғасының болашақта қайталанбауы үшін сабақ алу маңызды екеніне мән берді.

Ең қасиетті борыш

Күні кеше ғана оңтүстік астанадағы Тағзым мемориалының ашылуында сөйлеген сөзінде Президент мызғымас бірліктің арқасында қатердің беті қайтқанын айтты. «Біз елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз…

Біз саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, ұлттық экономиканы монополиядан арылтуға және оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды жалғастырамыз. Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазір алдымызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Біз тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық. Әрине, бұл – тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ біздің басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру және бәріне бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру. Біз әрқашан бірге болсақ, міндетті түрде мақсатымызға жете­міз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 «Әділетті Қазақстанды құру – өз қолымызда!»

Біз қаңтар қасіретін ел болып еңсере білген қазақ даласында Қазақстанның жаңа даму кезеңі басталғанын сезіндік. Қасым-Жомарт Тоқаев жалпақ жұртқа «Әділетті Қазақстан» идеясын жариялады. Бұл еліміз үшін шынайы жаңару кезеңі болмақ. Көздеген мақсаттарға жету үшін ұлттық рухты жаңғыртатын ұлттық идеологияны қалыптастырудың маңызы зор болмақ. Болашақта, Президент тұжырымдағандай, еліміздің әлем картасында егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналатынынан үміттіміз. Бүгінгі мақсат та белгілі – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Демек, жемқорлықсыз Әділетті Қазақстанды құру – өз қолымызда. Бұл – әрқайсымыздың, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жауапкершілігі әрі азаматтық парызы.

Т.ДЕРБІСАЛИН

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *