Ораза айы еді. Ағайынның үйіне ауызашарға бардық. Молданы төрге шығарып, барлығымыз соның сөзіне ұйып отырмыз. Алдымен «жайылған дастарқанға» шүкірлік етіңіздер деді. Кеңес үкіметінің тұсында мұндай берекелі дастарқан болмағандығын атап өтті. Содан кейін осы дастарқанның иелеріне дұға тілейік деп отырғандарға ой салды.

Үлкен асты бастап ортаға бас келді. «Көпшілікке қарап, қайсысыңыз үлкенсіздер бата беріңіздер»- деген еді, жастары шамалас жетпіске жетіп қалған егделеу екі кісі бір-біріне «сіз беріңіз, сіз беріңіз» деп ілтипат көрсеткендей болғанымен бата беруден қашқандай болып көрінді. Өйткені, асты күттіріп қойғанымен екі ауыз сөздің басын құрап айта алмады. «Әттеген- ай» дедім ішімнен.

Бар нәрсені арыдан ойлайтын дана қазақ бата беруге де ерекше мән бергенін білеміз. Бата беруді міндетті түрде қартайғанын күтпей-ақ кез-келген ер азамат жаттап алғаны жөн деп ойлаймын. Батаның түрі көп. Бірақ асқа бата беруді кішкентай балаларымыздан бастап жаттатқан дұрыс-ау. Кей кездері бата бергелі тұрған кісінің тілек айтып кететінін де көріп жүрміз.

«Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» – деген қазақпыз. Батаны керемет беретін азаматтар да бар. Кез-келген жайға әсіресе дастарқанда асқа бата берген ерді көрсем ерекше риза боламын. Әр сөзінде ғибрат пен тағылым бар батаның біразын жатқа білу деген қандай керемет. Кейде сондай жандарға таңғалатынмын. Қалай есте сақтап, осынша көп батаны қалай жаттап жүреді екен дейтінмін. Баталы сөз бәтуалы қарттың аузында болмаса баланың көрген өнегесі қайдан болсын?! Үлкен кісінің бата білмеуі – ұят нәрсе. Балаларыңызға үлгі боларлық, бабалар сөзі батаны жаттап жүрейік, ағайын! «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» – деген дана халықтың ұрпағы емеспіз бе?!

Райхан АЛМАСБЕКҚЫЗЫ

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *