Ұлттың ұлт болып ұйысуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Осы құндылықтарды қалыптастырып, негіздеуші рухани бастаулар отбасылық тәрбиеде жатыр. Отбасылық тәрбие адам өміріне әсер етіп қана қоймай, дүниетанымын да қалыптастырады. Өнегелі шаңырақтан шыққан жанның қоғамдағы орны да биікте болмақ. Осы ретте отбасындағы ата мен әженің рөлі ерекше. Өйткені, бала да, немере-шөбере де алдымен ата-анасына, атасы мен әжесіне қарап өседі. Солардың берген тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, ержетеді.

Қазақ даласында әжелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызының зор болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Бұл ретте Абайдың әжесі Зере, Шоқанның әжесі Айғаным, одан қала берді Ұлжан мен Ұлпан әжелер туралы айтсақ та жеткілікті. Иә, әжелер – даналықтың бұлағы. Әжесінің әлдиі мен ертегісін, ұлағатты сөздерін естіп өскен кез-келген бала жақсы азамат болып өседі. Бүгінгі таңда немерелеріне ертегі айтып бермек түгілі, оларға барынша көңіл бөлетін, тәрбиесіне назар аударатын әжелер азайып кеткендей.

Бүгінгі заманның аталары мен әжелері шын мәнінде «ата», «әже» деген атқа сай болғылары келсе, ең алдымен немере-шөберелерімен өз тілдерінде сөйлесулері керек. Адам үшін басты байлық денінің саулығы болса, ұлттың басты байлығы – туған тілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені үнемі айтып келеді. Жаңа Қазақстанның жаңа тіректері бүгінгі жас буын, жеткіншектер. Егер баланың тілі қай тілде шықса, ол сол ұлттың өкілі. Қай тілде сөйлейді, сол ұлттың дүниетанымын қабылдайды.

Қысқасы, ата болсын, әже болсын, немерелерін бауырына басып, еркеле отыра нақыл сөздердің, жырлар мен өлеңдердің, танымды әңгімелердің тамаша үлгілерін үйретіп, қазақы қалыпта тәрбиелей білсе, онда ұрпағыңыздың да, ұлтыңыздың да ғұмырлы болатындығы сөзсіз. Өмірдің мәнін терең түсінген, ұрпағының болашағына ой жүгірткен үлкендер ұлттық құндылықтарды бойтұмардай сақтап, кейінгі буынға шашау шығармай аманаттай алса, нұр үстіне нұр. Иә, тәрбие деген терең ұғым, терең тағылым. Сол тәрбиенің тиегін ұстап отырған тәлімгерлердің тиянақтылығы дәл қазір ауадай қажет.

Гауһар САТБАЕВА

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *