Қожа Ахмет Яссауидің туғанына – 930 жыл.
Қожа Ахмет Яссауи – суфизм поэзиясының негізін қалаушы, барлық Шығыс мұсылмандарының рухани тәлімгері және діни жетекшісі. Ақын, ойшыл, ғұлама 1093 жылы Ясы қаласында дүниеге келген. Ұстазы – Арыстан баб. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани хикмет».
Сұлтан Бейбарыстың туғанына – 800 жыл.
Қарапайым құлдан, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны. Тарихқа сүйенсек, Бейбарыстың руы – қыпшақ, ол қазіргі Атырау облысының аумағында туылған. ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында, Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасап, тұтқынға түскен. 1260 жылы Күтіз сұлтан қайтыс болған соң, Бейбарыс таққа отырады.
Ұлы жүздің биі Төле бидің туғанына – 360 жыл.
Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінде туған. Үш жүзге төбе би болған Төле би өзінің әділдігі мен шешендімен танымал. Төле би Тәуке ханның, Абылай ханның тұсында ел арасындағы әртүрлі дауларды шешуге атсалысқан.
Бұқар жыраудың туғанына – 330 жыл.
Бұқар жырау Қалқаманұлы – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған. Абылай ханның ақылшы, биі болған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Бұқар жырау шығармалары халықты отансүйгіштікке, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға шақырады.
Қазақтың ұлы ханы Абылайдың туғанына – 310 жыл.
Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) – 1771-1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.
Қазақтың батыры Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл.
Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен, тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі, ақын. Қазақтың көрнекті ақыны 1836-1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысын ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі.
Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл.
Шәкәрім Құдайбердіұлы –ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас, әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары.
Ұлт-азаттық көтерілісі қолбасшысы Амангелді Имановтың туғанына – 150 жыл.
Аманкелді Үдербайұлы Иманов – қазақ халқының батыры. Қазақстанда 1916 жылы орын алған Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Торғай уезі Қайдауыл болысының 3-ауылында кедей шаруа отбасында туған. 1918 жылы Компартия мүшесі болған.
Ұстаз, жазушы Спандияр Көбеевтің туғанына – 145 жыл.
Қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеев – 1878 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген.
Алаш қозғалысының мүшесі Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 130 жыл.
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев – 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы.
Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына – 130 жыл.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – XIX ғасырдың аяғы XX ғасыр басында қысқа да, қиын тағдыр кешкен парасатты, демократ, реалист-ақын.
«Қазақ» газетінің шыққанына 110 жыл.
«Қазақ» газеті – 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. Газеттің алғашқы нөмірі 1913 жылы 2 ақпанда шыққан. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Газет тарихында 265 нөмірі жарық көрген. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырған – Ахмет Байтұрсынұлы.
«Абай» журналының шыққанына 105 жыл.
«Абай» журналы 1918 жылдың ақпан-қазан аралығында қазіргі Семей қаласында жарық көрді. Бұл журнал ақын Абай Құнанбайұлының құрметіне арналған. Ағартушылық бағытты ұстанды. Редакторы – Жүсіпбек Аймауытов. «Абай» журналында Алаш зиялыларының ағарту бағытында түрлі мақаласы жарық көрді. Алғашқы саны 900 данамен шыққан. «Абай» журналының алғашқы сандары шамамен 16-21 беттен тұрған.Көрнекті жазушы Қасым Қайсеновтің туғанына – 105 жыл.
Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, партизан-жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, халқымыздың біртуар перзенті – Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген.
Жазушы Ғафу Қайырбековтің туғанына – 95 жыл.
Ғафу Қайырбеков 1928 жылы 15 тамызда Қостанай облысы, Торғай қаласында дүниеге келген.
Жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың туғанына – 95 жыл.
Жазушы 1928 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында дүниеге келген.
Жазушы Оралхан Бөкейдің туғанына – 80 жыл.
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.
Мұрат Әуезовке – 80 жас.
Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген. Ол – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі, заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұлы.
Теңгенің қолданысқа енгеніне – 30 жыл.
1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның Ұлттық валютасы теңге айналымға енді.
Жерлесіміз, жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына – 100 жыл.
1923 жылы 2 қазанда Алматы облысының Қаратал ауданында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттері редакцияларында жауапты қызметтер атқарған.
1960-1977 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы болған, 1980-1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған. Кеңес чекистері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанды (1956, 1972, 1977, 1980). «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы.
Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және басқа көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет Грамотасымен және омырауға тағатын арнаулы белгісімен марапатталған. Көптеген шығармалары бар.
Жерлесіміз, актриса Бикен Римованың туғанына – 100 жыл.
Бикен Ырымқызы Римова 1923 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Алматы облысы, Қаратал ауданы, Қанабек ауылында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің халық артісі (1966). Ойнаған рольдері: Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Мәрзия (1942), актриса кезінде. Сәуле (Ә.Әбішев, «Достық пен махаббат», «Күншілдік»), Фарида (Ә.Тәжібаев, «Жалғыз ағаш орман емес»), Қамаш (М.Иманжанов, «Менің махаббатым»), Ғайни (Т.Ахтанов, «Күтпеген кездесу»), Еңлік (М.Әуезов, «Еңлік-Кебек») т.б. рөлдерді орындап, қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосты.
Кеңес Одағының Батыры Иван Васильевич Косенковтың туғанына – 100 жыл.
Иван Косенков 1923 жылы туған. Әкесінен ерте айырылған 16 жастағы жас жігіт ұжымшарда еңбек етіп, отбасын асырайды. 1941 жылы Кеңес әскері қатарына шақыртылды. Днепро өзенін кесіп өткен кездегі көрсеткен ерлігі оның даңқын шығарды. Сол жолы артиллериялық есепте екі адам ғана қалады, олар – Иван Косенков пен оның жолдасы Михаил Голяков. Екеуі бір апта бойы снарядпен үш танкіні, машинаны, бронетранспортерді жойып, жаумен кескілескен айқас жүргізді. Кейін Запорожьеде де осындай айқаста ерлік көрсетті.
1944 жылғы 22 ақпанда оның дивизиясына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы оқылды: оған Днепрді кесіп өту кезінде неміс-фашистік басқыншылармен айқаста ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
1944 жылы Косенков демобилизацияға ұшырады. Өмірінің соңына дейін Үштөбе қаласында тұрды. Зейнетке шығар алдында тракторист, одан кейін Алматы станциясында ағаш отырғызу қорғанысында ағаш культураларының мастері болып жұмыс істеді.
Жерлес, ақын Қайрат Әлімбектің туғанына – 60 жыл.
Қайрат Әлімбек 1963 жылдың 16 маусымда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Кейіннен Қаратал ауданы, «Новый Мир» совхозына көшіп келген. 1985 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі БАҚ- да қызмет істеген.
Тұңғыш өлеңдер жинағы 1989 жылы «Жалын» баспасынан «Сезімнің гүлі» деген атпен жарық көрген. Одан бері ақын қаламынан «Жоқ іздеген жігітпін» (1994, «Жалын»– «Газет»), «Намыс найзагері» (2000, «Нұрлы әлем»), «Махаббатстан» (2003, «Үш қиян») өлең кітаптары туды. Бірнеше өлеңдері ұжымдық жыр жинақтарына енген. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері (1994).
Қаратал ауданың орталық кітапханасы