Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыруды, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негіздерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкі – аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мүлкі, оның ішінде аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджет қаражаты, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітіліп берілген және (немесе) бекітіліп берілмеген мүлік;
2) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
3) жергілікті қоғамдастық жиыны – елді мекен тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) осы Заңда белгіленген тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысуы;
4) жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасы – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты әзірлеген және жыл сайын кеңес үш жылға бекітетін, аудандық маңызы бар қаланы, ауылды, кентті, ауылдық округті дамытудың басым бағыттарын айқындайтын, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеті қалыптастырылатын құжат;
5) жергілікті өзін-өзі басқару – халықтың тікелей, оның ішінде мәслихаттар мен өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен халық топтары жинақы тұратын аумақтарда жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен және жергілікті қоғамдастықтың мүдделеріне орай шешуге қатысу нысаны;
6) жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін салааралық және ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) кеңес – халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағында жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өзін-өзі басқару органы;
8) қалалық өзін-өзі басқару кеңесі – халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың аумағында жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өзін-өзі басқару органы.
2-бап. Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2-тарау. Жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру негіздері
3-бап. Жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру негіздері
1. Қазақстан Республикасының азаматын жергілікті қоғамдастықтың мүшесі деп тану үшін шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында оның тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелу фактісі негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне сайлану және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшесінің өкілеттігін тоқтату және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тарату туралы шешім қабылдау жөніндегі мәселелерге бастамашылық жасауға құқығынсыз жергілікті қоғамдастық мүшелері болуға құқығы бар.
Шетелдікті және азаматтығы жоқ адамды жергілікті қоғамдастық мүшесі деп тану үшін шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында оның тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелу фактісі негіз болып табылады.
2. Жергілікті өзін-өзі басқару республикалық маңызы қаланың, астананың, облыстық және аудандық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағында жүзеге асырылады.
4-бап. Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің құқықтары
Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің:
1) шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан тікелей, оның ішінде мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға;
2) осы Заңда көзделген тәртіппен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
3) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға жеке жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға;
4) жергілікті өзін-өзі басқару органдарының отырыстарына қатысуға;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысу құқықтарын шектеуге жол берілмейді және оған сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
5-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару қағидаттары
Жергілікті өзін-өзі басқару мынадай қағидаттар:
1) азаматтардың тартылу қағидаты – азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне бақылауды жүзеге асыруға тікелей қатысуы үшін жағдайлар жасау;
2) дербестік қағидаты – жергілікті қоғамдастық мүшелері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырушылық, экономикалық және қаржылық дербестігі;
3) функциялардың аражігін ажырату қағидаты – функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату негізінде мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметі;
4) айқындық және ашықтық қағидаты – жергілікті өзін-өзі басқару органдары, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі және әкімінің аппараты, республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық маңызы бар қала әкімдігі қабылдайтын шешімдерді жергілікті қоғамдастықпен міндетті түрде талқылау, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) өзге де тәсілдермен жариялау және тарату;
5) жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау қағидаты – тікелей дауыс беру арқылы өз мүшелерін сайлау арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.
6-бап. Осы Заңда реттелетін жергілікті маңызы бар мәселелер
Жергілікті маңызы бар мәселелерге:
1) жергілікті маңызы бар жолдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
2) қоғамдық пайдаланылатында орындарды абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру;
3) туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
4) бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдайлар жасау;
5) коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру;
6) тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дамытуға жәрдемдесу;
7) жер пайдалануға байланысты мәселелер;
8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жарнама орналастыру;
9) дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
10) төтенше жағдайлардың, оның ішінде әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі
іс-шараларды жүзеге асыру;
11) коммуналдық мүлікті басқару;
12) кооперациялар ұйымдастыру;
13) «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңында реттелетін елді мекендер санаттарын, шекараларын және атауларын өзгерту;
14) өз құзыреті шегінде елді мекендерді сумен жабдықтауды және су пайдалану мәселелерін реттеуді ұйымдастыру;
15) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзге де мәселелер жатады.
3-тарау. Мәслихаттар мен мемлекеттік басқару органдарының міндеттері мен құзыреттері
7-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті органның міндеттері
Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін реттеуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді.
8-бап. Мәслихаттардың, әкімдіктердің, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің және оның аппаратының жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі міндеттері
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мәслихаттары мен әкімдіктері жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы мен дамуы үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайлар жасайды, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару құқығын жүзеге асыруда халыққа жәрдем көрсетеді.
2. Мәслихаттар аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің лауазымынан босатылуына, елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгертуге және өзге де жергілікті маңызы бар мәселелерге байланысты мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасасады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі:
1) жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде халықпен тұрақты кездесулер, сондай-ақ жергілікті
өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде кеңес мүшелерімен кездесулер өткізеді;
3) кеңес алдында құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша, өзіне жүктелген міндеттердің іске асырылуы үшін жауапты болады;
4) кеңеске бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады;
5) жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын әзірлейді және оны жергілікті қоғамдастық жиынымен келісу бойынша кеңестің қарауына және бекітуіне ұсынады;
6) жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша жоспарды іске асыру қорытындысы туралы жыл сайынғы есепті жергілікті қоғамдастық жиынына ұсынады;
7) кеңеспен келісу бойынша елді мекен жерлерінде мал жаятын орындарды айқындайды;
8) көрмелік-жәрмеңкелік қызметті және көше саудасының мониторингін ұйымдастырады;
9) ақылы негізде қызмет көрсету үшін оның түрлерінің тізбесін әзірлейді және оны кеңеске бекітуге ұсынады;
10) кеңес белгілеген тәртіппен тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарына ақылы негізде қызмет көрсетеді;
11) еңбек шарты бойынша жалданатын әкім аппараты жұмыскерлерінің еңбегіне кесімді ақы төлеу кезінде кесімді бағаларды кеңеспен келісу бойынша бекітеді;
12) жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, оның ішінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі мен әкімінің аппараты қызметінің Үлгілік регламентінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппараты:
1) жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізеді;
2) ақылы негізде көрсету үшін көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесін әзірлейді;
3) кеңес қызметін қамтамасыз етеді;
4) өзіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-тарау. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандары және жергілікті өзін-өзі басқару органдары
9-бап. Жергілікті қоғамдастықтың жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандары
Мыналар:
1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауы;
2) жергілікті қоғамдастық жиыны;
3) кеңес және қалалық өзін-өзі басқару кеңесіне сайлау;
4) кеңес және қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырыстары жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандарына жатады.
10-бап. Жергілікті қоғамдастық жиыны
1. Жергілікті қоғамдастық жиынын кеңес өз бетінше шақыруы немесе әкімнің не осы аумақта тұратын және оны шақыру қажеттігі туралы өтінішке тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) және тұрғылықты жерін көрсете отырып қол қойған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.
2. Жергілікті қоғамдастық жиынына кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың қатысуға құқығы жоқ.
3. Жергілікті қоғамдастық жиынын өткізу үшін республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағы учаскелерге (ауылдық округтердің құрамына кіретін ауылдар мен кенттер, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер және басқалар) бөлінуі мүмкін.
Жергілікті қоғамдастық жиыны осы аумақта тұратын және оған қатысуға құқығы бар әрбір учаскеден жергілікті қоғамдастық мүшелерінің не олардың өкілдерінің кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
4. Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағында жергілікті қоғамдастық жиыны мынадай жергілікті маңызы бар мәселелер:
1) жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін және оларды іске асыру мерзімдерін айқындау;
2) жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсыныстар енгізу;
3) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шекарасы мен мәртебесін өзгерту;
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің және кеңесінің қызметі туралы есептерін тыңдау және талқылау;
5) кеңес мүшелерін сайлау;
6) кеңес немесе қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің кеңес немесе қалалық өзін-өзі басқару кеңесіндегі өкілеттігін тоқтату мәселесіне бастамашылық жасау;
7) кеңес немесе қалалық өзін-өзі басқару кеңесін тарату туралы шешім қабылдау;
8) жергілікті маңызы бар өзге де мәселелер бойынша өткізіледі.
5. Жергілікті қоғамдастықтың жиынында хаттама жүргізіледі. Хаттамаға жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы мен хатшысы қол қояды және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкіміне, кеңесіне және қалалық өзін-өзі басқару кеңесіне беріледі.
6. Жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу тәртібі жергілікті маңызы бар мәселелер жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Үлгілік регламентте айқындалады.
11-бап. Кеңес құру тәртібі
1. Кеңес жергілікті қоғамдастық жиындарында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің тұрғындары қатарынан қалыптастырылады.
2. Кеңес мүшелері төрт жыл мерзімге сайланады.
3. Сот әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын, сондай-ақ мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарды қоспағанда, он сегіз жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы кеңес мүшесі болып сайлана алады.
4. Кеңес мүшелерінің саны, қалыптастыру тәртібі және қызметі кеңестің Үлгілік регламентінде айқындалады.
5. Кеңестің Үлгілік регламентін жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
6. Кеңес төрағасын қоспағанда, кеңес мүшелерінің қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылады.
7. Кеңес заңды тұлға құқығына ие емес.
12-бап. Кеңес пен оның мүшелерінің міндеттері
Кеңес пен оның мүшелерінің міндеттеріне:
1) жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларын қарау, талқылау және бекіту;
2) бюджет жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту;
3) уақытша мониторингтік комиссиялар құру;
4) бюджеттің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау және мониторинг қорытындылары бойынша ұсынымдар енгізу;
5) жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің карантиндік аймақты белгілеу (жою) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
6) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайда одан әрі ұсыну үшін келісу;
7) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақта орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;
8) жергілікті қоғамдастық мүшелері арасынан қоғамдық медиаторларды сайлау;
9) басқаруға берілген коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағасын келісу;
10) әкім аппараты ақылы негізде көрсететін қызметтер түрлерінің тізбесін бекіту;
11) қызмет түрлерін ақылы негізде көрсету үшін олардың тізбесінің кесімді бағасын келісу;
12) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкіміне аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізу;
13) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкіне сот иесіз деп таныған мүлікті қабылдау туралы өтінішхатын келісу;
14) қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту;
15) кеңес қызметінің мәселелері бойынша тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында орналасқан, қызметі мемлекеттік құпиялармен байланысты ұйымдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге және мемлекеттік ұйымдарға өтініш жасау;
16) жер комиссиясының құрамына қатысу;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті маңызы бар өзге де мәселелер жатады.
13-бап. Кеңес жұмысын ұйымдастыру
1. Кеңес өз өкілеттіктерін отырыстарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Кеңесті кеңес төрағасы дербес не кеңес мүшелері санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі шақырады және қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
Кеңес отырысы оған мүшелердің кемінде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
Егер Заңда өзгеше белгіленбесе, кеңес шешімдерді, кеңес отырысына қатысып отырған кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен дауыс беру арқылы қабылдайды.
Дауыс беруді өткізу үшін мүшелердің қажетті саны болмаған кезде кеңес төрағасы не оның орнындағы адам кворумды қамтамасыз етуге шаралар қабылдайды.
Барлық мәселелер бойынша дауыс беру нәтижелерін кеңес төрағасы немесе оны алмастыратын адам дауыс беруге қатысқандардың, «жақтап», «қарсы» дауыс бергендердің, қалыс қалғандардың және дауыс беру қорытындысының санын көрсете отырып жариялайды. Деректер кеңес отырысының хаттамасына енгізіледі.
Дауыстар тең болған жағдайда кеңес төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
3. Кеңес отырысында қабылданған шешімдер аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің міндетті қарауына жатады.
4. Кеңес жарты жылдықта кемінде бір рет халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп береді.
Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округінің әкімі кеңес шешімімен келіспеушілігін білдіруге құқылы, ол мұндай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
Әкім келіспеушілік тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда ауданның (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты алдында мәселеге бастамашылық жасайды.
5. Кеңес жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу бойынша уақытша мониторингтік комиссиялар құруға құқылы. Уақытша мониторингтік комиссиялардың тәртібі, құрамы, мерзімдері мен өкілеттіктері жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін кеңес регламентінде айқындалады.
Кеңестің мониторинг комиссиясының мүшелері қол қойған мониторинг нәтижелері туралы есеп кеңестің талқылауына шығарылады.
6. Мониторинг нәтижелері туралы есепті талқылау қорытындылары бойынша кеңес жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу бойынша ұсынымдар қабылдауға құқылы.
7. Әкім кеңестің кезекті отырысына мониторингтік комиссияның ұсынымдарын қарау қорытындылары туралы негізделген қорытынды енгізеді.
14-бап. Кеңес төрағасы
1. Кеңес төрағасы қызметін тұрақты негізде жүзеге асыратын лауазымды адам болып табылады.
2. Кеңес төрағасы кеңес мүшелерінің ашық дауыс беру арқылы кеңес мүшелерінің қатарынан жалпы санының көпшілік даусымен кеңес өкілеттігі мерзіміне сайланады және кеңес оны лауазымынан отырыста босатады.
Кеңес төрағасы лауазымына кандидатураларды кеңес мүшелері кеңес отырысында ұсынады.
3. Кеңес төрағасы болып жасы жиырма беске толған және кеңестің үлгілік регламентінде жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.
4. Кеңес төрағасының міндеттеріне:
1) кеңестің ұйымдастыру қызметін қамтамасыз ету бойынша әкім аппаратымен өзара іс-қимыл жасау;
2) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдарымен, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орналасқан өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
3) кеңес отырысын өткізу туралы шешім қабылдау және оны өткізуді ұйымдастыру;
4) кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдесу;
5) кеңестің уақытша мониторингтік комиссияларының қызметін үйлестіру;
6) қабылданған шешімдердің орындалу барысын бақылау;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
5. Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның өкілеттігін кеңес мәжілісіндегі көпшіліктің шешімі бойынша кеңес мүшесі уақытша жүзеге асырады.
6. Егер кеңес отырысында дауыс беру кезінде кеңес мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда, кеңес төрағасы не оны алмастыратын адам шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
15-бап. Кеңес пен оның мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату негіздері
1. Кеңес өкілеттіктері:
1) осы Заңда белгіленген өкілеттік мерзіміні өткен;
2) кеңес жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылардың кемінде үштен екісін тарату туралы шешім қабылдаған;
3) әкімшілік-аумақтық бірлік таратылған жағдайларда тоқтатылады.
2. Жергілікті қоғамдастық отырысы қатарынан екі реттен артық айқындаған мәселелер қараусыз қалдырылған және/немесе кеңес отырысына енгізілмеген жағдайларда жергілікті қоғамдастық жиыны кеңес мүшесінің өкілеттіктерін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
3. Кеңес мүшесінің өкілеттіктері:
1) мемлекеттік қызметке кірген;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұрғылы жерге кеткен;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны;
4) кеңес мүшесіне қатысты қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгені;
5) кеңес мүшесі қайтыс болған, кеңес мүшесін хабар – ошарсыз кетті деп тану туралы сот шешімі не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енгені;
6) кеңес құрамынан шығу туралы жеке өтініші болған;
7) кеңес өкілеттктері тоқтатылған;
8) өз міндеттерін жүйелі түрде орындаған, сондай-ақ кеңес регламентін қатарынан екі реттен артық бұзған жағдайларда тоқтатылады.
Осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер бойынша кеңес мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім отырыста қатысып отырған кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
16-бап. Кеңес актілері
1. Кеңес өз құзыретіндегі мәселелер бойынша «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кеңес шешімі нысанында нормативтік құқықтық актіні, сондай-ақ нормативтік емес актілерді қабылдайды.
Кеңес актілері оның отырысына қатысып отырған кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады.
2. Кеңестің өз құзыреті шегінде және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қабылдаған шешімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресми жариялануға тиіс және тиісті аумақта орындалуға міндетті.
3. Кеңестің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтің бюджет кірістерін қысқартуды немесе бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтін шешімдерінің жобалары аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің оң қорытындысы болған кезде ғана отырыстың қарауына енгізілуі мүмкін.
4. Кеңестің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты шешімдерді қабылдауы «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Кеңестің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес келмейтін шешімдерінің күші Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес кеңеспен немесе сот тәртібімен жойылады.
17-бап. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі
1. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қаланың тиісті әкімдігімен құрылады және республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың аумағында әрекет етеді.
Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
Қалалық өзін-өзі басқару кеңесін қалыптастыру үшін республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың аумағы округтерге, ал округтер учаскелерге бөлінеді. Округтер мен учаскелердің шекараларын тиісті мәслихат айқындайды.
Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің құрамы учаскелері өкілдерінің қатарынан бір округтен бір өкіл санымен құрылады.
Өкілдер әрбір учаскеден, астана, республикалық және облыстық маңызы бар қала әкімдігінің ресми интернет-ресурсында онлайн дауыс беру арқылы, өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынылған осы учаске тұрғындарының қатарынан сайланады.
Бір округтің құрамына кіретін учаскелердің өкілдері қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесін құрады.
Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі тиісті учаскесі (округ) тұрғындарының мүдделерін білдіреді.
Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшесінің өкілеттігі тоқтатылған жағдайда, өкілеттігін тоқтатқан адамның орнына округтік кеңестің жаңа мүшесін сайлау рәсімі осы бапта белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің құрамы қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшелерінің қатарынан, бір округтен бір өкіл ашық дауыс беру арқылы қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен құрылады.
2. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің жаңа құрамын құру рәсімі осы бапта белгіленген тәртіпке сәйкес қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің істеп жүрген мүшелерінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын басталады.
3. Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесіне кәмелетке толмаған адамдардың, мемлекеттік лауазымды иемденетін, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.
Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесіне мемлекеттік лауазымды иемденетін азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.
4. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің жұмыс тәртібі қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің бірінші отырысында бекітілетін оның регламентімен айқындалады.
5. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады.
6. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің және оның мүшелерінің міндеттері:
1) жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін және оларды іске асыру мерзімдерін айқындау;
2) жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, мүлік иелері бірлестігінің және көп пәтерлі тұрғын үйлердің жай серіктестіктерінің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау;
3) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің шекарасы шегінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жақсарту, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, санитариялық жай-күй, экология мәселелері бойынша ұсыныстарды өкілді және атқарушы органдардың қарауына енгізу;
4) жер комиссиясының құрамына қатысу;
5) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің ережесінде айқындалған басқа мәселелері болып табылады.
7. Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мынадай функцияларды:
1) қалалық өзін-өзі басқару кеңесі кейіннен қарау үшін жергілікті маңызы бар мәселелерді жинау және қорытуды;
2) азаматтарды тұрғын үйлер мен үй маңындағы аумақтардың сақталуын, пайдаланылуын, жөнделуін, абаттандырылуын жақсарту мәселелерін шешуге тартуды жүзеге асырады.
8. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің шешімі хаттама түрінде ресімделеді, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жіберіледі,
сондай-ақ жиырма жұмыс күн ішінде оларды қарау үшін міндетті болып табылады.
9. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мен қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшелерінің қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылады.
10. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мен қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі заңды тұлға құқығына ие емес.
18-бап. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы
1. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасын кеңес мүшелері қатарынан сайлайды.
2. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы кеңестің бірінші отырысында кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы сайланады.
3. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі төрағасының функционалдық міндеттеріне:
1) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана және облыстық маңызы бар қала әкімінің аппаратымен қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің ұйымдастырушылық қызметін қамтамасыз ету бойынша, республикалық маңызы бар қала, астана және облыстық маңызы бар қала мәслихатымен, сондай-ақ ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау;
2) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырысын өткізу туралы шешім қабылдау және оны жүргізу;
3) қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшелерінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдесу;
4) қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшелерінің сұрау салуларды қарауын бақылау;
5) қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңестерінің қызметін үйлестіру;
6) қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау жөніндегі шараларды айқындау;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
4. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырысында көпшіліктің шешімі бойынша қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесі уақытша жүзеге асырады.
5. Егер кеңес отырысында дауыс беру кезінде кеңес мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы не оны алмастыратын адам шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
19-бап. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мен оның мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату негіздері
1. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің өкілеттіктері:
1) осы Заңда белгіленген өкілеттіктердің мерзімі аяқталғанда;
2) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылардың кемінде үштен екісінің қалалық өзін-өзі басқару кенесін тарату туралы шешім қабылданған жағдайларда тоқтатылады.
2. Жергілікті қоғамдастық жиыны жергілікті қоғамдастық жиыны қатарынан екі реттен артық айқындалған мәселелер қалалық өзін-өзі басқару кеңесі отырысында қараусыз қалдырылған және/немесе оған енгізілмеген жағдайларда, қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің өкілеттіктерін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
3. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің өкілеттіктері:
1) мемлекеттік қызметке кірген;
2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
4) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесіне қатысты қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
5) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесі қайтыс болған, қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесін хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімі не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
6) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің құрамынан шығу туралы жеке өтініші;
7) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің өкілеттіктері тоқтатылғанда;
8) өз міндеттерін жүйелі түрде орындамағаны, сондай-ақ қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің регламентін қатарынан екі реттен артық бұзғаны үшін тоқтатылады.
Осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер бойынша қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім отырыста қатысып отырған қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
20-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің құқықтары мен міндеттері
1. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің:
1) осы Заңда белгіленген тәртіппен жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға;
2) осы Заңда белгіленген тәртіппен кеңесті немесе қалалық өзін-өзі басқару кеңесін сайлау және оның төрағасы болып сайлануға;
3) құрылатын кеңестің уақытша мониторингтік комиссияларының құрамына кандидатураларды, оның ішінде өзінің кандидатурасын да ұсынуға;
4) жергілікті қоғамдастық мүшелерімен кездесулер өткізуге;
5) жергілікті қоғамдастық жиындарына қатысуға;
6) кеңестің, қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырысында азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерін жария етуге;
7) тиісті жергілікті атқарушы орган тапсырыс беруші болып табылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін салу және жөндеу барысына жүргізілетін мониторингке қатысуға;
8) осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
1-1. Кеңес аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатына аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін қызметтен босату туралы мәселеге бастамашылық жасауға құқылы.
2. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері:
1) тиісті аумақта тұруға және тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелуге;
2) оған жергілікті қоғамдастық мүшелерінен өзінің атына келіп түскен өтініштерді қарауға;
3) азаматтардың, қоғамдық және өзге де ұйымдардың пікірін, қажеттіліктері мен сұраныстарын зерделеуге, олар туралы кеңеске, қалалық өзін-өзі басқару кеңесіне хабарлауға;
4) жергілікті қоғамдастық мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
5) өз қызметін жүзеге асыру кезінде ашықтық және бүкпесіздік, қоғамдық пікірді ескеру қағидаттарын ұстануға, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жергілікті өзін-өзі басқару органдарының отырыстарына еркін қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
6) жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуын қамтамасыз етуге;
7) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
8) Қазақстан халқының бірлігін, елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге;
9) мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салтарымен дәстүрлеріне құрметпен қарауға және олардың дамуына ықпал етуге;
10) жалпымемлекеттік ішкі және сыртқы саясатқа, оның ішінде қаржылық және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдерді қабылдауға жол бермеуге;
11) қызметтің қоғамдық маңызы бар салаларында белгіленген жалпымемлекеттік стандарттарды сақтауға міндетті.
5-тарау. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негіздері
21-бап. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негіздері
Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негізін:
1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті;
2) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітіп берілген коммуналдық мүлік;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі өзге де мүлік құрайды.
22-бап. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету
1. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің меншігінде осы Заңда белгіленген жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге арналған мүлік болуы мүмкін.
2. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты әкімшілік аумақтық бірлік атынан Қазақстан Республикасының заңдарына және оларға сәйкес қабылданатын жергілікті өзін-өзі басқару органдарының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкін дербес иеленеді, пайдаланады және оған билік етеді соңдай-ақ оларды нысаналы пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ мүлкін (оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесіз деп танылған) анықтауға қатысады.
6-тарау. Қорытынды ережелер
23-бап. Осы Заңның өзге де заңнамалық актілермен арақатынасы және оның ережелерін іске асыру тәртібі
1. Осы Заңның ережелері Қазақстан Республикасында жергілікті
өзін-өзі басқаруды қамтамасыз етудің жекелеген бағыттары мен тетіктерін регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдау үшін негіз болып табылады.
2. Осы Заң күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде осы Заңға сәйкес келтірілуге тиіс.
24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті