Кесарь тілігі – әйелдің немесе баланың өміріне қандайда бір қауіп төнген жағдайда арнайы көрсеткіштермен әйел адамның өзі босануға мүмкіндігі болмаған жағдайда алдыңғы құрсақ қуысы мен жатырды тілу арқылы нәресте мен оның жолдасын шығарып алу үшін жасалатын операция тәсілі. Ондай жағдайда жүкті әйелдің айы-күні таяғанда ота жасалатын күн алдын-ала белгіленіп, ол операциядан бірнеше күн бұрын ауруханаға келіп жатады. Бүгінде босанған әйелдердің шамамен 30 %-ы баласын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкеледі. Кесарь тілігі екі жолмен жүзеге асады: жоспарлы түрде жасалатын және шұғыл жасалатын. Жоспарлы түрде жасалатын кесарь тілігі әйелдің жүкті кезінде алдын ала анықталады. Ол өзінің участкелік дәрігерімен бірге дәрігерлік комиссия құра отырып, кесарь тілігі арқылы босануға шешім қабылдайды.
Толғақ кезінде ананың денсаулығында әртүрлі асқынулар пайда болса ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұрған кезде, яғни қан қысымы көтеріліп, бүйрек, бауыр қызметтерінде қалыптан тыс өзгерістер пайда болса немесе толғақ кезінде баланың жүрек соғысы нашарлай бастаса, қағанақ суының түсі өзгерсе, онда екеуінің өмірін сақтап қалу үшін, амал жоқ, кесарь тілігіне жүгінуге тура келеді.
Әйел адамның өзі босанады ма әлде кесарь тілігі жасала ма, оны кім анықтайды? Бұл мәселе алдын ала әйелдер консультациясында немесе әйелдің жүктілік барысын тексеріп отырған медициналық орталық анықтайды. Негізі тексеруге тек акушер-гинеколог қана емес, сонымен қатар терапевт, окулист, эндокринолог, қажет болған жағдайда, хирург, невропатолог, ортопед сияқты басқа да мамандар қатысады. Қандай да бір ауру анықталған жағдайда, бұл мамандар әйелдің қалай босана алатыны туралы шешім қабылдайды. Кесарь тілігін жасау және оның нақты жасалу уақыты туралы шешімді босанардың алдында перзентханадағы дәрігерлер шығарады. Сондықтан перзентхананы да алдын ала таңдап, мазалаған қажетті мәселенің бәрін шешіп алған дұрыс.
Кесарь тілігін ешқандай медициналық көрсетілімсіз, әйелдің қалауымен жасауға бола ма? Менің ойымша, кесарь тілігі әйел адамның денсаулығына немесе нәрестенің өміріне қауіп төнген жағдайда ғана жасалуы тиіс. Босанатын әйел хирургиялық отаның қаупі туралы кәсіби білімі болмағандықтан, ондай шешімді қабылдай алмайды.
Егер әйелге аталған ота жасалған болса үйге келгеннен кейін көбірек демалған жөн. Үй шаруасын атқару үшін отбасы мүшелерінен көмек сұраңыз. Қалай дегенде де, отадан кейін біраз уақытқа дейін әлсіздік, шаршау, ауырсыну сезімдері сақталады. Ванна мен моншаны қоя тұрып, алғашында душпен ғана шектелген дұрыс. Ваннаға түсуге, жүзуге тек 1,5 айдан кейін ғана рұқсат беріледі.
Кесарь тілігі жасалғаннан кейінгі әйелдің жағдайы алғашқы 6-12 сағат бойы әйел өзінің бойында наркоздың әсерін сезінеді. Ерте жасалған операциялық кезеңнен кейін әйел реанимация бөлімінде немесе интенсивті терапия палатасында жатады. Егер ота ешқандай асқынуларсыз жасалса, онда келесі күні әйел реанимациядан кейін жататын палатаға ауыстырылады (баласын жанына береді). Егер ешқандай қауіп туындамаса, баланы анасымен бірге әдетте 6-7-ші күні шығарады. Оның алдында 4-5-ші күндері тігістерін алады.
Болашақ мейіргер ретінде аналарға кеңес:
Алғашқы кездері газдалмаған минералды су ішу керек. Оның лимон шырынын аздап қосуға болады. Екінші тәулікте майсыз сорпа, ботқа, қайнатып пісірілген ет, тәтті шәй ішуге болады. Үшінші тәуліктен бастап бала емізген кезде бас тартатын тағамдардан басқасының барлығын ішуге рұқсат беріледі. Іш қатудың алдын алу. Кесарь тілігінен кейін бірден әйелдерге көбірек су ішуге және дәретханаға баруға кеңес беріледі (зәр шығару). Кесарь тілігі жүргізілгенде әйелде қан жоғалту көптеп кездесуі мүмкін. Сол үшін әйелге дене айналымындағы қанның көлемін толтыруы керек. Алғашқы күндері сұйық және жартылай сұйық тамақтарды ішкен жөн, өйткені ол жеңіл болғандықтан организмге оңай әрі тез қорытылады. Кесарь тілігінен кейін міндетті түрде дәрігерге қаралып тұру керек.Үнемі аз аздан үздіксіз қозғалыста болған жөн.
А.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ШЖҚ «Талдықорған жоғары медициналық колледжі» МКК білімгері (МІ-512)
Н.КОЖАГУЛОВА, ғылыми жетекші