жас қыздардың қатыгез әрекеттері жаға ұстатты

Қаңтар айының басынан бері әлеуметтік желілерде оқушы қыздардың төбелескен видеосы тарауда. Кадрда диванда отырған қыз телефон тұтқасын қойысымен оны бір қыз ұрып жатыр. Оған тағы екі қыз қосылып, төмпештеп, тепкілеп жатқан әрекеттерін көруге болады. Жаға ұстарлық көрініс! Ол қыздардың бірі – өз жерлесіміз. Кәмелеттік жасқа толмаған. Ол неге мұнша төмендеп кетті деп жаның шырқырайды-ақ. «Атың шықпаса, жер өрте» дегеннің кері ма?

Оқиға Жетісу облысы, Талдықорған қаласының пәтерлерінің бірінде орын алған. Агрессия мен анайылыққа толы сол видеодан кейін ілешала, тап сол қыздардың басқа күндері ішімдік ішіп отырған, екі сөзінің бірі балағатқа толы, жартылай жалаңаш билеп тұрған сәттері тарады. Қарауға тіпті көз ұялады. Қазақтың 15-16 жастағы әп-әдемі, өрімдей қыздары.

Бұл оқиғаға әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан төмендегідей сарындағы мыңдаған пікір әлі жазылып жатыр:

• «Бұларды қатаң режимдегі колонияда ұстап, қоғамдық жұмысқа жегу керек…»;

• «…ТВ тек ойын-күлкі, арзан шоу болса, интернет толған жын-ойнақ болса, үлкендердің өздері бір-бірімен жаға жыртысып жатса, жастар қайдан оңады дейсіз»;

• «Қоғамдық орындарда жастар, оқушылар өте дөрекі, ауыздары боғауыз, қызы да, ұлы да агрессивті.

• Барлық нәрсе үйдегі ауа-райына, тәрбиеге байланысты. Қатыгездік көрген бала – қатыгез, мейірім көрген бала мейірімді болады. Мына видеоны қайдан көре қалып едім деп жүрегім ауырды»;

• «Біздің балалық шақ сонау 70-тің аяғы 80-нің бас кезінде өтті. Онда мұндай төбелес тұрмақ, жаман сөз айтудың өзі үлкен тәрбиесіздікке жататын. Ата-анамызға сөз келтірмеу үшін барлық жағынан жақсы болуға тырысып бақтық»;

• «Алла сақтасын! Қандай келін болады мынадай қыздар? Заман бұзылды ма, адам бұзылды ма? Аллам жар болсын! Әке-шешелерін соттау керек, бала тәрбиесіне немқұрайды қарағаны үшін!»;

• «Жас буынның қатыгез әрекеттерін әлеуметтік желіден көріп, жаным түршікті. Бұл қазақы тәрбиенің әлсірегенінің айқын белгісі, ащы жемісі. Біз «Обал болады… Ұят болады… Сауап болады» деген үш тіркеске сыйып кеткен үлкен тәрбиені көріп өскенбіз»;

• «Әжелеріміздің «беттерің ашылмасын» деген ақылында көп мән бар екен ғой»;

• «Бейәдеп сөйлейтін тик-ток, кино толып кетті қазір».

• «Видеоға түсіріп отырған адамды да жазалау керек».

Түйін:

Атам қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған. Шарананы құрсақтан тәрбиелеп, ата салтын бойына дарытқан. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Себебі – бүгінгі бүлдіршін қызды «ертең бойжетіп, ибалы келін, одан соң абзал ана атанады» деп тәрбиелеген. Демек, ертең елдің батыры мен ақынын, көреген көсемін, сөзуар шешенін, топ жарар дүлдүлін де, өмірге әкелетін – ана. Сол себепті қыз баланы қонақ деп санап, бетінен қақпай, «қызға қырық үйден тыю» дей отырып, еркелетіп, ибалы, инабатты, тәрбиелі, ар-намысын алдыңғы орынға қоятын ару етіп өсірген. Құлағында шолпысы, шашында шашбауы бар жан сұлулығы мен тән сұлулығы тең қазақ қызының басты тәрбиешісі ана болған. «Есті қыз етегін жабады» деп, ұзын көйлек кигізіп, қыздың талшыбықтай бұралған сырт-келбетін сұқ көздерден сақтаған. Қазақ аналары сонымен қатар, «Қызым үйде, қылығы түзде», «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болады» деп өзіне де барынша шектеу қойып, қызының әрбір ісін бағамдап отырған, «шеше тұрып қыз сөйлеуден» безген. Бойжеткен қыздың еркімен қыдыруын шектеп, араласатын ортасына мән берген.

Қазақ қызы төбелесіп, бейәдеп сөздер айтпақ тұрмақ, үлкен кісіге тіктеп қарамаған. Қатты дауысы емес, бұрымына таққан шолпысы мен шашбауының сыңғыры ғана естіліп тұратын болған. Бүгін… Бүгінгі жастар «заман осындай» деген желеумен батыстық менталитетке ден қойған. Өзгеге еліктеп жүргендер де өзіміздің қаракөздеріміз. Ең қорқыныштысы да – осы. Қазір көптеген қыздар үлкеннен именіп, арлану дегеннен ада ма дерсің. «Жаным арымның садағасы» деп санайтын халықтың ұл-қызы неліктен арсыздыққа баруда? Бұған қоғам кінәлі ме? Әлде, бала тәрбиесін уысынан шығарып алған ата-ана кінәлі ме? Біреу қоғам десе, енді бірі «қоғам да адамның іс-әрекетінен өзгереді емес пе?» деп дау айтары анық. Қалай десек те, бұл жағдай бүтіндей бір ұлтқа сын.

Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *