«Аудан орталығы Үштөбе қаласының бірқатар көшелерінде, атап айтсақ В.Маяковский, Г.Котовский, И.Панфилов, Н.Алдабергенов, А.Покрышкин, Л.Толстой жарық мүлде жоқ, қап-қара түнектің өзі. Кеш батысымен мектеп оқушылары бұл көшелермен жүруге қорқады. Балалар былай тұрсын, тіпті үлкендердің өздеріне қорқынышты. Қыстың күні тіптен қиын. Тағы бір мәселе, көше бойларында жаяу жүргіншілерге арналған арнайы тротуардың жоқтығы. Адамдарға көлік жүретін жолдың шетімен жүрулеріне тура келеді. Осыған орай жол-көлік оқиғаларының туындауы да әбден мүмкін», – дейді редакциямызға қоңырау шалған оқырмандар.
Иә өңір халқы елді-мекенге автомобиль жолы жаңадан төселіп, енді біріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса да жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі назардан тыс қалып жататынын айтып ашынады. Біздің редакциямызға осы аталған мәселелер бойынша қоңырау шалушылардың саны күн сайын артуда. Шынымен де бұл сұрақ алғашқы рет көтеріліп тұрған жоқ. Сондықтан оқырмандар сауалы бойынша тиісті мекеме басшыларының жауап қайтаруын сұраймыз. Мәселе жәй ғана сөзбен емес нақты іспен шешімін табар деген үміттеміз.
Балгерім ТҰМАН