Саяси дода басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау мерзімі 2023 жылғы 19 наурызға бекітілді. Бұл маңызды шара елімізді жан-жақты жаңарту мен әділетті мемлекет құру жолында билік тарапынан жоспарланған саяси реформалардың жалғасын табуын білдіреді. Өз сөзінде Президент баршаны азаматтық белсенділік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауларына белсенді қатысуға шақырды.
Жұртшылықтың жаңа Парламенттен күтері көп. Президент атап айтқанындай, жаңа сайланатын Парламенттің билігі үлкен болуы тиіс. Көпшіліктің айтуынша, егер рас болып, соған дәлел табылса, шетелге шығып кеткен қыруар қаржыны қайтаруды Мәжіліс депутаттары үкіметтен сұрап, талап етуі тиіс. Бұл халық қалаулыларының беделін арттыра түсер еді. Депутаттардың 30 пайызы жастар мен әйелдер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар болатыны айтылды. Мемлекет басшысы бұл сайлау әділетті, адал өтуі тиістігін қадап айтты. Ол үшін прокуратура, басқа да қадағалаушы органдар сайлау барысын бақылауға дайын болуы тиіс. Халықтың көңілінен шықпаған, лайық емес кейбір депутаттарды сол партияның мүшелері мүйіздеп, ондайлардың мандатын дереу кері қайтарып алу мәселесі өте орынды. Айталық, «Ақ жол» партиясының өз мүшесіне деген әрекеті осыған мысал.
Осы сайлауда халықты бұл саяси шараға тартуда белсенділікті арттыру әрбір партияның ісі болмақ. Қазір тіркеліп үлгерген жеті партия бар екен. Олар егер сайлауға қатысса, өздерінің саяси бағыттары арқылы дауыс жинауға мүмкіндік туады. Енді сол партиялардың басты мақсаты – тиісті дауыс жинау арқылы қайткенде Парламентке өту. Осы жолы партиялар сайлаушыларды барынша оятып, саяси науқанға белсене тартуға тырысады.