Халық өз таңдауын жасайды

Өткен Парламенттің таратылуы – жұрттың бәрі көптен күткен шара болды. Бұрынғы депутаттар өздерінің өкілеттігі бітетінін іштей сезіп, соған дайын жүрді. Енді бұрынғы халық қалаулыларының біразы тағы да бағын сынап, егер халық оларды лайық деп тапса, қайтадан сайлауға қатысуға үмітті. Оны енді негізінен өздері мүшесі болған партиялары шешеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ендігі жерде Парламент басқару билігінің біраз бөлігін өз құзыретіне алады. Түбі біз болашақта елді басқару моделін жаңартып, билік тармақтарын ықшамдауға келеміз. Жаңа Парламент осыны қолға алуды бастайды. Сондай-ақ, Парламентте оппозиция өкілдері де болуы тиіс.

Сындарлы пікірталас арқылы ілгері дамуға жол ашылады. Жаңа пайда болған партиялар бұрынғы саяси ұйымдарға қарсы тұрып, жылдар бойғы қатып қалған қағидаларына тойтарыс беріп, жаңашылдық үшін күресетін болады. Осыған дейін жергілікті мәслихат депутаттары аймақтағы өз басшыларының айтқанынан шықпай, әкімдерге жалтақтап келсе, енді өз құзыреттері арта түскен соң батыл әрекеттерге көшіп, белсенділік танытулары тиіс. Демек, мәслихат депутаттарының да беделі арта түседі. Ендігі жерде олар барынша еркін, батыл қимылдап, өз ойларын батыл айта алатын депутаттар болады деген үміт үлкен.

Депутаттар арасында Президент атап көрсеткеніндей, елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға батыл кірісетін білікті мамандар, әсіресе ғылым мен білімді, өндірісті өркендететін лайықты халық қалаулылары көп болуы тиіс. Кей депутаттар мажоритарлы әдіс арқылы өзін-өзі ұсына алады. Оларды да халық танып біліп, егер дәлелі жүйелі, орынды болса, неге сайламасқа? Сонымен, халық үмітін қай депутат ақтайды? Сайлаушылар соларды таңдайды. Бұл сайлауда әрбір партия саяси өз бақылаушыларының белсенділігін арттырып, қадағалауды күшейтеді. Сонымен, Мәжілістегі және мәслихаттағы әр дауыс үшін шынайы әрі әділетті күрес жолындағы саяси дода басталды. Ендігі жерде жаңадан сайланатын депутаттар қуатты мемлекет пен мықты азаматтық қоғам құру жолында шынайы күрескер болып еңбек етулері тиіс.

 

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *