Кәсібім – нәсібім деп ел экономикасына аз да болса үлесімді қоссам деген жанға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз гранттар берілуде. Бүгінде өңірімізде қаржылық қолдауға ие болып, кәсіптің түр-түрін дөңгелеткендер де аз емес. Бірі – пластмасса құтысының қалдықтарынан сыпыртқы өндіріп жатса, бірі малшаруашылығымен айналысып, табыс табуда.
Сондай кәсіп иесінің бірі – «Бастау Бизнес» жобасының түлегі, мемлекеттік гранттың иегері, қала тұрғыны Перизат Оралбаева соңғы кезде автокөлік жүргізушілері арасында кең сұранысқа ие Eva (сэвилен) материалынан жасалатын, экологиялық таза және жағымсыз иісі болмайтын көлік төсеніштерін тігетін шағын цех ашып, табыс көзін табуда. Кәсіпкердің айтуынша, соңғы кезде онлайн сауда алаңдарында «Eva» кілемшелеріне деген сұраныс артып жатқанын аңғарып, бағын осы салада сынап көруді шешкен.
«Жасымнан тігінді жаныма серік еткен соң бағымды осы салада сынап көруді шештім. 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік грантты ұтып алып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, өнім шығара бастадым. Алғашында өнімдерімді әлеуметтік желі арқылы жарнама жасадым. Кейін аудан халқы бір-бірінен естіп, тұтынушылардың қарасы көбейе бастады. Қазір шүкір, тапсырыс көлемі біршама артып келеді».
Расында бүгінде кәсіптің қай түрімен айналысамын десең де мемлекет тарапынан аз қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. «Табысқа кенелудің құпиясы – тәуекел мен сапалы өнім шығару» дегендей, тек тірліктің тетігін тауып, тәуекелге бара білсең болғаны. Әрі әрекетке – берекет екені анық.
Қобланды АБЕНОВ