Қазіргі ақпараттандыру технологиясының кең дамыған кезінде оқушылар үлкен ауқымды ақпараттарды тез қабылдап, сараптап, логикалық қорытындылар жасай білулері керек. Логикалық және жүйелі ойлауды қалыптастыруда шахматтың алатын орны  зор. Ол оқушылардың аз уақытта ойларын шоғырландыруына, туған жағдаятты сараптауға және шешім шығаруға үйретеді және алдына қойған мақсатына жетуге, төзімділікке тәрбиелейді.

Шахмат ойыны – екі тұлғаның көрнекі түрде сайысу түрі. Ол бізге адамның шығармашылық дәрежесін анықтауға қажет. Шахмат ойнаушының үнемі жетілуінен, жүйелі түрде дайындық сағаттарын жүргізуден кейін нәтиже күтуге болады. Сонымен қатар шахматты үйретудегі жаттықтырушының шығармашылық деңгейінің жоғары болуы қажет.

Өңіріміздегі  шахмат үйірмесінің жатықтырушысы Александр Тюляндин  №13 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ерназар Исумбаевты бала кезінен шахматқа баулыған. Ерназардың ойлау қабілеті ерекше, таланты да дарынды  оқушылардың бірі.  Шахмат ойынын көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген шәкірт. Жуырда  «Сыбайлас жемқорлықсыз – спорт» ұранымен  жасөспірімдер мен жастар арасында шахматтан өткен аудандық жарыста 1 орын иеленген. Бірнеше мәрте Республикалық жарыстардың  бас жүлдегері.

Тынымсыз еңбекқорлығы мен алғырлығының  арқасында  №13 орта мектебі ұстаздарының  абыройын асқақтатып, мектебіміздің мақтанышы атанып,  шахматқа баулыған ұстазының үмітін ақтап жүрген  Ерназар Исумбаевқа Алматы қаласындағы «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Экономика ғылымдары академиясының президенті, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің алқа мүшесі Рахман Алшанов аталған университеттің мемлекеттік грант сертификатын табыс етті. Яғни, білімді де талантты Ерназар университетте тегін оқуға жолдама алды.

Біз оқушымыз Ерназармен мақтанамыз! Келешектің тізгінін берік ұстап, болашақтың көшбасшысы болуына ұстаздар қауымы шын жүректен тілектеспіз. Егеменді еліміздің ертеңі – білімді ұрпақ қолында.

Шұға ҒАБДҰЛКӘКІМҚЫЗЫ,

№13 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің  мұғалімі 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *