Ұстаз – ұлы тұлға. Ұстаз – балаға жеке тұлға ретінде қарай отырып, тәрбиелі, білімді, мәдениетті болуына ықпалын тигізеді. Тәлім-тәрбие беріп, баланың арман-қиялын көкке жеткізетін де, осы – ұстаз. Ұстаз деген сөзге лайық болу үшін, білімді, шығармашыл болу қажет. Ол үшін, әрқашан біліктілігін арттырып, үнемі тынбай еңбек етіп отыру қажет. Сондай ұстаздың бірі – Жұбан Молдағалиев атындағы орта мектептің директоры, физика және математика пәнінің мұғалімі Сауле Усенованы мақтанышпен айта аламын.
«Мен болмасам, сіз барсыз, үміт еткен ұрпағым», – деп Ы.Алтынсарин атамыз нық сеніммен айтып өткендей болашақ ұрпағымызды өзінің білімділігімен, шеберлігімен тәрбиелеуден жалықпайтын мұғалім. Сондықтан ұрпағымыз ұқыпты болса, болашағымыз жарқын болады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей әрқашан талмай еңбек етуден жалықпайтын жанның бірі – Сауле Рымбайқызы. Ол аталған мектепте 31 жыл еңбек етуде. Ұл-қыздарын өсірген аяулы ана. Қазіргі таңда 5 немересі бар ардақты апа. Осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, саналы ғұмырын ұрпақ тəрбиесіне арнаған. Ақын Мағжан Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп тегін айтпаған. Сондықтан да Сауле Рымбайқызы ауыл мектебінің тарихи әлеуметтік, мәдени рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектептің рухын көтерудегі еңбегі зор.
Ұлағатты ұстаз Сауле Рымбайқызы ойы таза, қиялы ұшқыр, жаңашылдығы мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білімді де білікті ұстаз. Осы тұста Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Қазіргі заман талабына сай жаңашыл ұстаздың еңбекқорлығы көпке үлгі. Үздіксіз ізденіп, ұрпақтың болашағы үшін аянбайтын ұстаздан жастардың да үйренері мен алар тәлім-тәрбиесі көп.
Н. НУСИПКОЖАНОВА,
Ж. Молдағалиев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі