Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. «Ұстаздық – ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу – үлкен абырой, басты борыш. Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Бүкіл ұстаздар қауымын әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады .

Мектеп атты құтты мекеннен, аяулы  ұстаздан адамзат баласының барлығы тәлім-тәрбие алып, өсіп өнеді. Дана халқымыз «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, мектебіміздің мақтанышы, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Светлана Сейдахметованың ұжымдағы орны ерекше. Алматы шет тілдер институтын 1986 жылы бітіріп, еңбек жолын  Елтай атындағы орта мектебінен бастаған.  Жас маман болып келген  ұстазымыз саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, білім нәрімен сусындатып, мыңдаған мектеп түлектерін ұшырған ұлағатты ұстаз. Светлана Нұрғазықызының шәкірттері ұстаз жолын қуып елміздің әр жерінде қызмет жасауда.

Қиыны мен қызығы мол мамандық иесі білімді де білікті ұстаз ғана емес, өз отбасының ұйытқысы. Отағасы Нұрлан ағаның асыл жары, ұл мен қызының аяулы анасы. Осындай жолы мен жөні бөлек ұстазымыз бүгінгі таңда құрметті зейнеткерлік жасқа да жетіп отыр. Ерекше жаратылыс иесі, қадірлі ұстаз отбасы мен жақындарының ортасында өмірдің барлық жақсылықтары мен қуаныштарына бөлене беруіне тілекшіміз.

 

Елтай орта мектебінің ұжымы

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *