Жаңа кезеңге аяқ басқан уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Президент экономикалық еркіндікті қолдай отырып, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайтын орта қалыптастырудың нақты бағдарларын ұсынды. Аталған бес бағдардың салмағы мен сарабдалдығы, ел-жұртқа берері туралы әр азамат түсініп, өз құқығы мен міндетін де біліп жүргені абзал.
Жолдаудың әлеуметтік салаға әкелген жаңалығы, онда жүктелген міндеттер бойынша қолға алынған шаралар жайлы халыққа түсіндіру мақсатында ауданымызға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Зайда Ілімжанова, бөлім басшысы Мәулен Сүлеймен мен Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалының бас маманы Бауыржан Кабдрахманов келіп, Ескелді ауылдық округі тұрғындарымен және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығының қызметкерлерімен жүздесті.
Елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру шараларының бірі –
2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұру болып табылады. З.Ілімжанова бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданғанын және алдағы бес жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар ширақтала түсетінін айтып, бұл ретте ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға ерекше назар аударылатынына тоқталды. Бұл бағыттағы тағы бір қадам – зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін келер жылдан бастап 2027 жылға дейін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына, ең жоғарғысын 100 пайыздан 120 пайызға дейін жеткізу. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін артады. Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесінде жаңа инвестициялық стратегия әзірлеу және зейнетақы активтерін басқаруға инвестициялауда тәжірибелі кәсіби, ашық жеке компанияларды тарту жоспарлануда. Кездесу барысында 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылған отбасының цифрлық картасы жайлы жан- жақты мағлұмат берілді.
«Қаратал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-і