Мәуліт атауы барша мұсылманның үлгісі болған Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірге келу құрметіне берілген.
Мұсылмандарға арналған 2022 жылдың күнтізбесіне сәйкес, Мәуліт мерекесі қазанда тойланады, яғни 7-нен 8 қазанға қараған күнге сәйкес келеді. Мәуліт сөзі араб тілінде – туылған деген мағынаны білдіреді. Негізінде сөздің түбірі араб тіліндегі «уәләдә туу» сөзінен жасалған «мәулид» үлгісінде қалыптасқан есімшелі сөз. Бұл ислам елдерінде кеңінен тойланады. Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа елде Мәуліт күні қалыс қалмайды. Пәкістанда бұл мереке үш күн тойланады екен.
Бұл күнді тойлаудағы негізгі мақсат – пайғамбар ғұмырын үлгі ету. Оның жүріп өткен өмірін, амалдарын, өсиетін ұрпаққа жеткізу. Ата-ананы құрметтеуге, сүннет жолын ұстануға үйрету. Пайғамбар көрсетіп кеткен жолды нұсқау. Өсиетін ескеру. Мұсылмандардың өміріндегі басты идеал болуы тиіс пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен өсиетін, тығылымы толассыз ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – баршаға ортақ игі іс. Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.
Мәуліт күні Құран оқылып мұсылмандар бас қосады. Сауапты амалдар атқарады. Бір-біріне сыйлық беріп, көңілін аулайды. Дінімізде рұқсат етілген өзге де сауапты амалдарды жасаудың артықшылығы жоқ. Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.
Мәуліт айында Алланы мадақтап, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болғай. Әрқашан жүзіміз жарқын, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!
Ержан ЖАҢБЫРБАЕВ, Айнабұлақ ауылдық округінің имамы