Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардың құжаттарын қабылдау туралы ақпараттық хабарлама жариялады. Сонымен, 8 ақпан күні кешкі сағат 18.00-де ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды.
«2023 жылғы 8 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына келесі саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну туралы құжаттар ұсынылды:
1. «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі;
2. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі;
3. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігі»;
4. «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі;
5. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі;
6. «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігі;
7. «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі, – делінген ҚР Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық хабарламасында.
Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленгені белгілі. Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекіткен болатын. Оған сәйкес, кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18.00-де басталып, 18 наурыз сағат 00.00- ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні.
«Қаратал-ақпарат»