Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«БІЗ бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз».
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында саяси реформалар жөніндегі бағдарламасын таныстырғаны мәлім. Назарларыңызға бағдарламаның негізгі тұстарын ұсынамыз.
1. Жаңа саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздері
• Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты Президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту;
• «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде орындау;
• «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамытуға бағытталған саяси реформалардың 4 пакетінің лайықты жалғасы;
• Реформалар жүйелі әрі кешенді түрде іске асады. Негізгі саяси институттардың барлығын қамтиды;
• Реформаны жүзеге асыру барысында Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық заңға және 15-тен аса заңға өзгеріс енгізу көзделеді;
• Реформалар барлық деңгейдегі билік өкілдеріне де, қоғамға да жаңа моральдік-этикалық ұстаным ұсынады;
• Президент бағдарламасында қоғам қайраткерлерінің, сарапшылардың, ҮЕҰ-дың пікірлері мен ұсыныстары ескерілді. ҰҚСК мүшелерімен және аймақтарда талқылаулар жүргізілді. Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғарғы соттың ұсынымдары назарға алынды.
2. Саяси реформалардың ерекшеліктері мен бағыттары
• Президент өкілеттілігін шектеу;
• Пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесін енгізу;
• Парламентті қалыптастыру тәртібі мен функцияларын қайта жасақтау;
• Мәслихаттардың рөлін күшейту;
• Саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету. Партиялық жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту;
• Сайлау процессін жетілдіру;
• Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығы;
• Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыру;
• Азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау.
3. Президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту
• Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салу;
• Президент өзінің президенттік өкілеттілігін атқару кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуы қажет;
• Мемлекет басшысының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау;
• Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою;
• Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10-ға қысқарту;
• Президенттің Конституциялық сот төрағасын және Жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауы үшін Сенаттың келісімі міндетті;
• Президент облыс және републикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсынады.
4. Парламентті күшейту
Сенат:
• Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10-ға дейін қысқарту (олардың ішінде 5-і ҚХА-ның ұсынысы бойынша). Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын Мәжілістен Сенатқа беру;
• Сенат Мәжіліс қабылдаған заң жобаларын «қабылдамайды», керісінше «келіседі/келіспейді»;
• Президент Конституциялық сот төрағасын, Жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауы үшін Сенаттың келісімін алады.
Мәжіліс:
• Мәжілісті 70/30 қатынасында (70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандатты округтер бойынша) аралас жүйемен (пропорционалды-мажоритарлық) қалыптастыру;
• Мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттар үшін императивті мандат енгізу;
• Мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының квотасын жою;
• Есеп комитеті Жоғары Аудиторлық палата болып өзгереді. Палата төрағасы өз жұмысы жөнінде жылына екі рет Мәжілісте есеп береді.
5. Саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету
• Тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету;
• Өңірлік өкілдіктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін азайту;
• Партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту;
• Филиалдарды құру мерзімін 6 айдан 1 жылға дейін ұлғайту;
• Құрылтай съезін өткізу мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзарту;
• Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының, Конституциялық соттың төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы керек;
• Әкімдер мен әкім орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына заңнамалық тұрғыдан тыйым салу.
6. Сайлау процессін жаңғырту
• Орталық сайлау комиссиясы мүшелері мен өкілдерінің партия қатарынан шығуы міндеттеледі;
• Аймақтық сайлау комиссиясын тұрақты жұмыс істейтін, кәсіби мамандардан жасақтау қажет;
• Бақылаушылардың қызметін Заң жүзінде реттеу;
• Сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын қалыптастыру;
• Дауыс беру процессінің балама түрлерін кезең-кезеңімен кеңейту;
• Жекелеген тұлғалардың ықпал етуін болдырмау мақсатында сайлау қорларына аударылатын қайырымдылықтың шекті көлемін белгілеу;
• Сайлау процессіне шет елдердің араласуын болдырмау принципін күшейту.
7. Жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдары
• Аудандық және қалалық мәслихаттардағы сайлаудың мажоритарлық жүйесін және барлық деңгейдегі облыстық мәслихаттардағы сайлаудың аралас жүйесін (пропорционалдымажоритарлық – 50/50) және императивті мандатты енгізу;
• Мәслихат төрағасы қызметін енгізу Президент облыс әкімі қызметін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсынады;
• Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық дербестігін нығайту;
• Әкімдер мен әкім орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына заңнамалық тұрғыдан тыйым салу;
• Әкімдер орынбасарларының санына шектеу (үштен көп емес, ерекше жағдайларда – төрт).
8. Сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру
• Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып өзгереді;
• Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметін Конституцияда жеке бап ретінде (прокуратураға ұқсас) регламенттеу. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын беру;
• Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңдарға Конституциялық заңдар мәртебесін беру;
• Жоғары Сот Кеңесі отырыстарын онлайн өткізу. Жоғары Сот Кеңесінің конкурс қорытындысы бойынша түсініктемелерін жариялау;
• Алқабилер сотының қатысуымен өтетін істердің санатын кеңейту (Қазір өте ауыр істер ғана қаралады);
• Бас прокуратураға азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу;
• Конституциядан өлім жазасын жазалау түрі ретінде алып тастау.
9. Азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау
• Конституциядан өлім жазасын жазалау түрі ретінде алып тастау;
• Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметін Конституцияда жеке бап ретінде (прокуратураға ұқсас) регламенттеу. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын беру;
• Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңға Конституциялық заң мәртебе беру;
• Бас прокуратураға азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу;
• Отбасылық және тұрмыстық қатынастарда орын алатын құқық бұзушылықтарға қарсы тиімді іс-қимыл.
10. Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлін күшейту
• Өңірлердегі қоғамдық кеңес өкілдерінің, партия басшыларының, Парламент депутаттарының, Азаматтық Альянс басшылығының, жұртшылық өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен жаңа «Ұлттық Құрылтай» институтын құру;
• Сарапшылардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерінің қатысуымен барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды қоғамдық талқылау өткізу;
• Барлық коммерциялық емес ұйымдардың қаржылық есептілігінің, құрылтайшылар құрамының, мүлкінің, кірістері мен шығыстарының жариялылығын міндеттеу;
• БАҚ туралы жаңа заң әзірлеу және қабылдау. Отандық БАҚтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
• «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының айрықша құзыреттерін қысқарту.