Отбасы – шағын мемлекет. Ендеше, осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді. Қай жаста отау құрсақ та, бастысы береке мен бірліктің ұйытқысын бір жерге жинаған үлгілі отбасы атану басты мақсат болса екен. Той-томалақта жастарға «Бір жастықта қартайыңдар» деп тілек білдіріп жатады. Сол тілектің ақиқатқа айналуына ер де әйел де бірдей атсалысса қанша жаста үйленіп, отау құрғаның маңызды емес. Өмір үшін дайын тұрған сценарий жоқ. Алайда белгілі бір қағидалар бар. Алланың тыйғанынан тыйылудың өзі адамды шексіз қуанышқа бөлейді. Біз қазақ отбасының бақытты өмір сүргенін қалаймыз. «Отбасы мықты болса Отанымыз да мықты» болатыны ақиқат.
Осы орайда Алакөл аудандық орталық кітапханасы 40398 әскери бөлімімен біріге отырып «Отбасы – тәрбиенің алтын діңгегі» атты жас отбасылармен кездесу өткіздік. Кездесуге 20 отбасы қатысты. Кездесу басында 40398 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, ұлан майоры Серік Қалдыбеков сөз сөйледі. Шарада әртүрлі жағдаяттық сұрақтар қойылып, ойындар ойнатылды. Шараға отбасылар қызығушылықпен белсене қатысты. Аудандық кітапхананың библиографы Айгүл Бодауова «Отбасы – тәрбиенің алтын діңгегі» тақырыбындағы кітап көрмесін таныстырды. 40398 әскери бөлімінің әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет бастығы, азаматтық тұлға Жанар Сапиева және ұйымдастыру жөніндегі қызметінің нұсқаушы психологы, азаматтық тұлға Балнұр Калиакберовна қатысушы отбасыларға психологиялық сұрақтар қойып, балаларға ойын ойнатты.
Отан – отбасыдан басталады. Ал сол шаңырақтың берік болуы отбасылық құндылықтарға, үлгі-өнегеге, тәлім-тәрбиеге байланысты екені белгілі. Бақытты отбасы болудың кілті – адалдықта, адамгершілік пен имандылықта.
Райхан СЕЙТХАНОВА,
Алакөл аудандық кітапханасының бөлім меңгерушісі