Жыл сайын дәстүрлі түрде ауылдық мәдениет үйлері арасында өткізілетін облыстық «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау биыл Қабанбай ауылдық мәдениет үйі, кітапханасы және Лепсі тарихи музейінде өтті.
Салтанатты шара шымылдығын аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов ашып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Алдымен байқаудың маңыздылығына тоқталған аудан әкімінің орынбасары «Ауылым – алтын бесігім» байқауына қатысып отырған мәдениет үйі, кітапхана және музей ұжымдарына сәттілік тіледі.
Байқауға арнайы келген әділқазылар алқасы мүшелерін балабақша тәрбиеленушілері бимен шашу шашып, қарсы алды. Әділқазы мүшелері алдымен Қабанбай ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, ауылдың білім жүйесі, мәдениет үйінің тыныс-тіршілігі және жастардың атқарған жұмыстарымен танысып, іс-қағаздарына шолу жасады.
Шара барысында славян этно-мәдени орталығының мәдениеті және салт-дәстүрі, сонымен қатар, ауылдың қолөнер шеберлерінің ұлттық дәстүрдегі көрме жұмыстары таныстырылып, «Балалар жылына» орай ұйымдастырылған оқушылардың қолөнер туындылары көрсетілді. Сонымен бірге шарада мектеп ұжымдарының ұйымдастыруымен «Жас келінге кимешек кию» дәстүрі орындалды.
«Балалар жылына» орай, жергілікті ақын Нүсіпқан Қадірсұлтанның «Балалығым бал тілім» атты кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, «Келешектің тұтқасы білімді ұрпақта» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылып, жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Ана» қойылымы келген қонақтар назарына ұсынылды.
Шара соңында Қабанбай ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары және жастарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама көрермен назарына жол тартты. Шара Лепсі тарихи музейінде жалғасын тауып, онда Лепсі тарихи музейінде орналасқан экспонаттар мен музей құжаттары таныстырылды.
Айгүл ХИАГ,
Алакөл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы