Ән кемеңгері – Кенен ата                      

Елдің елдігін дәлелдейтін, оның кемелдігін толықтыра түсетін рухани жәдігерлерімізді ардақтау, ұлыларымызға мың мәрте тағзым сыйлап, есімдерін ел есінде жаңғырту – азаматтық парыз. Сондай тұлғалардың бірі, қазақ халқының абзал ұлдарының бірі де бірегейі Кенен Әзірбаев есімі «мен – қазақпын» дейтін әрбір өнерсүйгіш азаматқа жақсы таныс. Қордай өңірінде дүниеге келіп, бар ғұмырын сонда өткізген абыз ақын 92 жас жасап, соңына баға жетпес асыл мұра – он жеті дастан, жүз елу ән, оннан аса айтыс, мыңға тарта өлең, халық қазынасынан жинақтаған қат-қат қолжазбаларын қалдырған.

Кенен атаны көзіміз көріп, батасын алған ұрпақтың біріміз. Өткен күн – тарих. Сондықтан студенттік шақты еске алып, өткен күннен тамаша естелікті баяндасам.  Алматы қаласында С.Киров атындағы университетте 3- курста оқып жүрген кезіміз. 25 студент  диалект (жергілікті ерекшелік) жинауға Кенен атаның ауылына бардық. Бізді ұстазымыз филология ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішов апарды. Кенен ата Жамбыл облысы, Киров колхозында болатын. Діттеген жерімізге келгенімізде біз отырған автобус екі қабатты мәдениет үйінің алдына келіп тоқтап еді. Улап-шулап автобустан түскенімізде бізді Кенен атаның келіні Дина қарсы алды. Дина әдеміше келген, жүзінен мейірімі төгілген, сыпайы да инабатты жан екен. Есіме Кенен атаның осы келініне арнаған «Келінжан» әні түсті.

Айналайын, келінжан, аяғыңнан,

Осы еді ғой күткенім баяғыдан.

Мал-мүлкіңе ие бол арнап жиған,

Өсекшінің сақ болғай саяғынан.

…   Асқар белім, шалқар көлім,

Қуанышым, жұбанышым, келінжан- ай.

Қыздарды екінші қабаттағы бөлмеге орналастырғандары есімде. Бірінші қабатта кино болатын. Кино біткен соң, сыртымыздан бекітіп кетіп, таңертең келіп есікті ашатын. Күн өте ыстық, 45 градусқа дейін көтерілетін. Диалект жинауға кешкі салқынмен шығатынбыз. Жергілікті адамдар қонақжай болды. Кезек- кезек қонаққа шақыратын. Әдеттегідей, үй аралап жүріп, бір үйге кірсек, қарт әже бар екен. Қыздарым, сендерге бір өтініш бар, Алматыдан келген екенсіңдер менің зейнетақым тоқтап қалды. Осы жағдайымды Қонаевқа айтыңдар деді. Біз бір-бірімізге қарап, таң-тамаша болдық. Осындай түрлі жағдайлар болып тұратын. Уақыт зымырап өтіп жатты. Бір күні  Кенен атаға сәлемдесуге  бардық. Ұзын бойлы, атжақты келген денелі адам екен. Басынан көптеген қиындықтар өтіпті. «Халық жауы» деген жала жабылып, түрмеге отырып шығыпты.

Өнерде қайталана бермейтін құбылыстардың бірі, саз өнерінің дәстүрлі өлең өрнектерін өзінше құбылтқан айшықты, көркем тіл шебері Кенен Әзірбаев Жамбыл облысы, Қордай ауданыны Мәтібұлақ басында, жалшылар отбасында дүниеге келген.

Әкесі Әзірбай күйші, шешесі Ұлдан жібек дауысты әнші болған деседі. Ертелі-кеш ата-анасынан ән тыңдап, күйге құмартып өскен жас баланың тәтті де қызықты бала қуанышы ұзаққа бармайды. Жеті жасында анадан жетім қалады.

Күн көрістің қамымен әкесі жеті жасар Кененді бауыры Әбденбайдың үйіне қалдырып, өзі ұзатқан қыздарына кетеді. Бірақ інісінің үйіндегі шайпау келін балаға тыныштық бермей мазасын алып, тіл тигізеді. Шыдамаған бала үйден кетіп қалып, ерте жастан еңбекке араласып Аймен атты байдың малын бағады. Жоқшылық пен кедейшілік тауқыметін көп көрген Кененнің балалық күндері осылай қиындық пен басталады. Тау мен тастың ойқыштары табанына батса, байдың ұр тоқпағы жауырынын осып, жанын жаралайды. Мұндай ауыртпалыққа ерте төселген адамның өмірге деген көз қарасы, ойы, санасы ерте жетілетіні анық. Анасының сүтімен, әкесінің қанымен келген қасиет осы кезден-ақ қылаң береді. Мал бағып жүргенде, жатып алып аспанға тесіле қарағанды ұнататын көрінеді. Сондай тамаша кездердің бірінде, көзі ілініп кеткен екен ащы зардың мұңлы сазы құлағына жеткендей болады. Көзін ашып әдетінше аспанға қараса дәл төбесінде шырылдап айнала ұшқан торғайды көреді .Әлгі торғайдың өткір үні миын тесіп, жүрегіне қадалғандай әсер береді. Құдды аспанда түнде ұйқы, күндіз тыным жоқ, киерге-киім, көңілге медеу жоқ, тақыр кедей жоқшылық деп шырылдап тұрған өзінің жаны сияқты. Жалғанның бір аштыққа, бір тоқтығы бар демеуші ме еді, қайда, кәне сол неме деп өзегін өртеп ыза кегі сыртқа өзінен-өзі тізбектеліп ән болып шығады:

Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей,

Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей.

Ат қылып ақ таяқты қолыма ұстап,

Сандалып қой артында әзер кешке…

Кенен атамен әңгіме барысында бір студент ол кісіге сұрақ қойды.

  • Кенен ата , «Базарым-ай, Назарым- ай өлеңі дүниеге қалай келді?
  • Сұрағыңа жауап берейін , балам- деп, біраз ойланып қалды. Мен жолаушылап

кеткенмін. Келсем, Базар, Назар деген ұлдарым «шешек» ауруынан қайтыс болыпты. Бұл қайғы жаныма қатты батты. Ақ ешкіге мұңымды шағып, осы әнім дүниеге келді.

Зарланасың ақ ешкі,

Лағым , деп, о, дүние- ай,

Тастан- тасқа секірген,

Шұнағым деп, о , дүние-ай.

Базарым-ай, Назарым-ай.

Қу шешектен болды-ау.

Сенің ажалың-ай, о, дүние-ай, – деп атамыз, күңірене отырып, әңгімесін аяқтаған еді.

Қазақ даласының бозторғай жыршысы осы бip шырылынан өмip бойы танбай кетті. Қапыда Базары мен Назарынан айырылып қалғанда егіз лағын іздеген ақ ешкімен бipгe шырқырап, күңіренген дауысы Алатаудың қос қапталын жаңғыртты.

Жетісу дүлдүлі, ақын, сазгер, әнші Кенен Әзірбаев шығармашылығы –  қазақ халқының ұлттық қазынасының қомақты бөлігі, оның сөздері –  кейінгі ұрпаққа тәрбие, ұлағатты нақылдары – өнеге. Кенен ата өзінің болмыс-бітімін мәңгі өлмес, өшпес ән-жырымен сомдап кетті. Бүгінгі зерттеушілердің сөзімен айтсақ, «Кенен Әзірбаев – сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз, жырау әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер» –  бұл Кенен атаға бүгінгі ұрпақтың берген бағасы. Яғни, ақындық, сазгерлік, жыршылық өнерімен қайраткер дәрежесіне көтерілген өз заманының саусақпен санарлық аз тұлғаларының бірі.

Әдебиеттанушы-ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың: «…Кенекеңнің болмыс-бiтiмi де, жүріс-тұрысы да бөлек, табиғи дарын-таланты да ешкімге ұқсамайтын, Алатаудың шыңындай ойы да биік, бойы да биік, әсем үнді ділмәр тілді мінезге бай, көпшіл, қонақжай ерекше жан еді. Кенекең ғасыр бойы жасаған байтақ мұрасымен, армандай әншілігімен, аққудың қанатындай әдемі аппақ жібектей сақалымен, бәйтеректей бойымен көзге де, көңілге де өзгеше бip жұмбақ жандай, данышпан абыздай болып көрінетін», – деп жазған ой-пайымдары Кененнің бет-бейнесін халық санасында одан сайын асқақтата түседі.

Оразбибі ТӨЛЕУБАЕВА, ардагер ұстаз

 

 

 

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *