Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы Заңның нормалары қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кінәлі адамдардан мәжбүрлі төлемдерді өндіріп алу бөлігінде 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген.
Қазақстанда алғаш рет жәбірленушілерге қажетті материалдық көмекті жылдам көрсетуге бағытталған институт құрылған. Қордан өтемақы төлеу біржолғы қаржылық төлем түрінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, жәбірленушінің одан әрі толық шығынды кінәлі адамнан өндіріп алу мүмкіндігі сақталады. Дүниежүзілік тәжірибеге және Зиянды өндіріп алу туралы Еуропа конвенциясына сәйкес өтемақы зорлық-зомбылық қылмыстарының құрбандарына төленеді.
Атап айтқанда, өтемақы барлық жəбірленушілерге емес тек: сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша жəбірленушілер болып табылатын кəмелетке толмағандарға, адам саудасымен жəне азаптаулармен байланысты қылмыстар бойынша жəбірленушілер деп танылған, денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған, жəбірленуші қайтыс болған жағдайда, жəбірленушінің құқықтары берілген адамдарға ғана төленеді.
Қылмыс салдарынан материалдық зардап шеккен және ашылмаған қылмыстар бойынша немесе кінәлі тұлға сот төрелігінен жасырынып жүрген жағдайда келтірілген зиянды өндіріп ала алмаған адамдарға қолдау ретінде өтемақы беріледі.
Заң бойынша қаражат қоры 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін жинақталады және ол өтемақыны одан әрі төлеу үшін қажетті қаражатты жинауға көмектеседі. Қордағы түсімнің негізгі көзі – соттың айыптау үкімі шыққан кінәлі тұлғалардан мәжбүрлеп өндірілген қаражат.
Бұл тұрғыда, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жасалған барлық қылмыстар бойынша Қорға өндіріп алулар басталып, жалғасуда. Осымен бірге, аталған заңның талаптарына сәйкес, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап жоғарыдағы аталған санаттағы жәбірленушілерге өтемақының төленуі басталғанын хабарлаймыз.
Тиісті төлемдерді алу үшін Қаратал аудандық полиция бөліміне жүгіну қажет. Осы бағыттағы жұмыс, аудан аумағындағы Қорға қаражаттың түсуі Қаратал ауданы прокуратурасының бақылауында.
Е.ҚҰСМОЛДАНОВ,
Қаратал ауданы прокуратурасының аға прокуроры