Әділ БОҚБАСАРОВ, «Алматы облысының ветеринария басқармасы» ММ-нің «Ветеринариялық пунктері бар Қаратал ауданының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК директоры:
Депутат ел мүддесі үшін қызмет етуі керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихаттың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы мәлімдегені белгілі. Менің ойымша, алдағы саяси додада көп өзгерістер болады. Неге десеңіз, алдағы сайлауда халықтың арасында салмақты ой, салиқалы пікір айтып жүрген белсенді қоғам мүшелері сайлауға қатысып, бағын сынап көруге мүмкіндік алып отыр. Мұндай жүйе елдің сайлауға деген сенімін арттырады. Қазірдің өзінде депутат болуға көптеген азаматтар өтініш беруде.
Дейтұрғанмен халық арасында әлі де «сайлаудың қалай өтетіні белгілі ғой…», «сайлаудың әділ өтетініне сенбейміз…» деген секілді пікірлер жиі айтылып жүр. Сондықтан сайлаудың әділ өтуі ең өзекті мәселе.
Депутаттыққа бірінші кезекте халықтың жайын билікке, атқарушы органдарға жеткізе білетін, айтылған өтініштерді шешу жолында еңбек ететін адамдар сайлануы қажет деп есептеймін. Себебі, ол ұлттық мүддені қорғай отырып, өз халқының, елінің келешегін ойлай алатын мемлекетшіл тұлға болғанда ғана халық қалаулысы бола алады.