Дулат АХМЕТЖАНОВ,
Б.Римова атындағы ОМГ математика пәнінің мұғалімі:
Сайлаудан үміт зор
Соңғы кездері жүйенің жаңарып жатқандығын байқаудамыз. Бұйырса, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі сайлауы өтеді. Ол 19 наурызға белгіленді. Бұған да көп уақыт қалған жоқ. Бұл жолғысы бұрынғысынан өзгерек. 70%-ы партиялық тізім, 30%-ы мажоритарлық бір мандатты жүйе бойынша өтеді. Сонысымен де ерекше болайын деп тұр.
Депутат халықшыл болу керек. Демек, депутаттыққа көпшілікпен ортақ тіл табыса білетін, мемлекеттік бағдарламаларды қарапайым тілмен түсіндіре алатын азаматтар мен азаматшалар өтуі тиіс. Сонымен бірге, түйткілді шешуге үлес қосса, шаруа өнеді. Ең бастысы, ел тізгініне отаншыл, өз туған өлкесін сүйетін, іскер азамат сайланғаны абзал. Жалпы халықтың өкіліне қойылатын негізгі талап, ол – әділдік. Осы қағидадан аттамаса болды.
Сайлаудан кейінгі жаңа Парламент түгелдей жаңармаса да жартылай жаңарады деген ойдамын. Демек, біздің, яғни халықтың тікелей берген дауысымен келгендіктен, бұл Парламентте халық мұңы үшін күресетін депутаттар тобы болады деп үміттенемін. Ол үшін ақиқат үшін, әділдік үшін қайтпай күресетін нағыз тұлғаларды сайлауымыз керек.