Бақыт МАРҚАБАЕВА, «Оқушылар сарайы» МКҚК «Жас математик» үйірмесінің үйірме жетекшісі:
Үміткерлерге жауапкершілік жүктеледі
Негізгі әлеуметтік сұрақтардың сайлаумен тікелей байланысы бар. 19 наурыз күні тек Мәжіліс емес, мәслихат депутаттары да сайланады. Мәжіліске 70%-ы партия тізімі бойынша және 30%-ы бірмандатты болса, облыстық деңгейден төмен орындарда бірмандатты сайланушылардың үлесі – 100%. Мұндай өзгерістер өз кезегінде өңірлік сұрақтарды шеше алатын, халықпен байланысы бар мықты мамандардың жауапты қызметке келуін қамтамасыз етеді.
Ал Парламенттің төменгі палатасы неліктен аралас жүйеге ауысты дейтін болсақ, оның себебі – өңірлердегі негізгі сұрақтарды білетін, оларды ұлттық деңгейде шешуге талпынатын адамдарды Мәжіліске әкелу. Екіншіден, қаншама деңгейлерден өтіп, Парламентке келген бірмандатты депутат өзекті мәселелерді шешуде өзінің біліктілігін, мол тәжірибесін қолданады. Қазір Парламент құрамы қандай болатынын табу өте қиын. Черчилльдің сөзін айтудан жалықпаймын: «Адамдар далада төбелескенше, олар Парламентте төбелессін. Әрине, сөз жүзінде».