2023  жылғы 13 ақпан күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Ұлан Досымбековтың төрағалығымен аудан көлемінде 2022 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланып, 2023 жылға арналған жұмыс жоспарлары айқындалатын алқа мәжілісі өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы, қала, ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, құқық қорғау саласы мен төтенше жағдайлар, жылу беру, электр, сумен қамту мекемелерінің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ауданның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2023 жылдың міндеттері туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ануар Қасымжанов баяндады. Баяндамадан ауданның салықтың берешегі 4,1%-ға өсіп, 7,6 млн. теңгені құрағанын (2021 жылы – 7,3 млн.теңге) аңғарған өңір басшысы Ұлан Әлдибекұлы баяндамашыдан осы мәселені түсіндіруін сұрады.

Ануар Алдабергенұлы салық мәселесі бойынша сөз қозғап, көлік салығы бойынша борышкерлердің берешегі 18 млн. 830,5 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Мәселен, Үштөбе қаласы бойынша аталған берешек соммасы 11 млн.739,6 мың теңгені құраса, Бастөбе ауылдық округінде 5 млн. 097,2 мың теңге. Өзге де ауылдық округтердің аталған салық түрінен берешектері жоқ емес. Берешегі басым елдімекен әкімдері, яғни қала әкімі Ғалымбек Ибраев пен Бастөбе ауылдық округінің әкімі Эдуард Ким көтерілген мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен шешу жолдарын түсіндіруге тырысты.

Артын ала мінбеге көтерілген тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Айрат Тлеубаев ауданның елдімекендерін көріктендіру, абаттандыру, санитарлық тазалау жұмыстарының барысы жайлы айтты. Баяндамашыға қойылған сауалдардың басым бөлігі – қала көркі, көшелер тазалығы мен қоқыс жыры. Сондай-ақ қоғамдық жұмысшылардың да жұмыстары сынға алынды. Көтерілген мәселе бойынша тиісті мамандардан сұрақ-жауап алмасқаннан кейін сөз алған өңір басшысы Ұлан Әлдибекұлы таза қала әрбір мемлекеттік қызметшіден, әрбір аудан тұрғынан басталатынын жеткізіп, қала бойынша тазалық жұмыстарының нашар орындалуы, қоқыс жәшіктерінің уақытылы шығарылмауы, қоғамдық жұмысшылардың атқарып жүрген жұмыстарының тиімсіздігі, аулалардың қала келбетіне сай келмеуі негізінде қала және ауылдық округ әкімдеріне сын-ескертпелер айтты.  «Бұл мәселені қағаз жүзінде қалдырмай, кабинетте отырмай, көшелерді аралап, өңір тазалығын күнделікті көзбен көріп, баса назар аудару керек. Өңір келбеті – тазалық. Жауапты тұлғалар бұл жағынан мандытып жұмыс жүргізбеген. Бұлай болмайды, – деді Ұлан Әлдибекұлы.

Өз кезегінде баяндама жасаған ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Кәкімов көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын баяндады. Баяндамашы сөзінен таксация нәтижесінде қант қызылшасының егіс алқабы 566 гектарға (2022 жылғы деректер – 1022 га, іс жүзінде таксация бойынша – 456 га) азайғанын аңғаруға болады.  Сондай-ақ, майлы дақылдарды жинау бойынша жоспар 0,2 мың тоннаға (жоспар – 5,6 мың тонна, факт – 5,4 мың тонна), қант қызылшасы – 26,7 мың тоннаға (жоспар – 40,3 мың тонна, факт – 13,6 мың тонна) орындалмаған. Ал ауылшаруашылығы кәсіпорындарында ет өндіру көлемі 492,3 тоннаға (2021ж. – 786,2 тонна, 2022ж. – 293,9 тонна), жұмыртқа өндірісі – 422 мың данаға (2021ж. – 11 770 мың дана, 2022ж. – 11 348 мың дана) азайған.  Бұл көрсеткіштерге көңілі толмаған өңір басшысы Ұлан Әлдибекұлы Данияр Төкенұлынан мәселенің себеп-салдарын түсіндіруін талап етті. Сонымен қатар аудандағы 0,2 га құрайтын «Л.Нам» ШҚ тиесілі жылыжайдың не себепті тоқтап тұрғанын сұрап, «Геоботаникалық зерттеу картасы» уақытылы жасалмағанына наразылық білдірді. Ол алдағы егіс науқанына ауылшаруашылық техникаларының дайындығы мен себілетін тұқым, тыңайтқыштар қорының жеткілікті болуына баса назар аударылу қажет екенін айтып, көктемгі егіс науқанын тиімді ұйымдастырып, қант қызылшасының егіс алқабын ұлғайтуды тапсырды.

Сонымен қатар күн тәртібіндегі 2023 жылдың су тасқыны қаупі бар кезеңіне дайындық барысы жайлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының м.а Ерназар Кенесовтың және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі аудандық іс-шаралар жоспарының 2022 жылы орындалуы, 2023 жылға арналған міндеттері туралы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспектор-заңгері Жанар Ұзақованың баяндамалары тыңдалды.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының м.а Ерназар Серікұлының баяндамасынан кейін сөз алған Ұлан Әлдибекұлы жыл басында аудан аумағында газ баллонының жарылысы орын алғанын, нәтижесінде қаза болғандар мен зардап шеккен азаматтар барын еске алып,  қайғылы жағдайлардың алдын-алу бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының аздығы мен көңіл толатындай жүргізілмегенін баса айтып, нәтижелі жұмыс атқаруды тапсырды.

Жиынды қорытындылаған Ұлан Әлдибекұлы орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары мен қала, елдімекен әкімдеріне бірқатар ескертулер жасап, әр жұмыстың сапасын ерекше бақылауға алу керектігін міндеттеді. Сонымен қатар жиында осы жылы атқарылатын жұмыстар барысы да талқыланды. Мәселен, өңірімізде құрылыс жұмыстары өткен жылы бастау алған тарихи-өлкетану музейі пайдалануға беріледі. Қаламыздағы Ақын сара, Мартынов, Жалменді би көшелеріне жарық  шамдары орнатылмақ. Сондай-ақ  Д.Қонаев, Желтоқсан, Байсакова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Өңірімізге қарасты елдімекендердегі бірқатар көшелерге де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.  Жоспарланған өзге де жұмыстар назарға алынып, тиісті тапсырмалар жүктелді.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА

 

 

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *