Елімізде 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні белгілі. Кезектен тыс Президент сайлауы халықты біріктіруге бағытталғаны анық. Әр азамат қазіргі әлемдік ахуалды ескере отырып, елдің болашақтағы бағыты мен нақты жоспарын анық түсінуі қажет. Ал Мемлекет басшысын бір реттік мерзімге сайлау – барлық саладағы реформаларды жүзеге асыруға қажетті уақыт пен сенім мандаты, – дейді қоғам белсенділері. Ал Қараталдық тұрғындар қандай пікірде? Бұған қатысты халық ойын біліп, сайлау науқанына деген ниеттерін сұрап көрелік.

Қаратал ауданының тұрғыны, зейнеткер Ғазиза АМИРБАЕВА:

  • Кезектен тыс сайлауды қолдаймын. Қазіргі жағдай, геосаяси ахуалға байланысты қарастыратын болсақ, Президенттің өкілеттілігін 7 жылға дейін ұзартатыны дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл – өте батыл қадам. Неге десеңіз, еліміздің болашағы балаларымыз бен немерелеріміз үшін мемлекетте тұрақтылық орнағаны жақсы. Президент Жаңа Қазақстан деп үлкен өзгерістерді бастап жатыр ғой. Бұл ұсыныс та жаңа даму жолының бастамасы. Елдің бүкіл жауапкершілігін бір кісінің қолына берген дұрыс қой. Ең бастысы халыққа жағдай жасалып, әл-ауқаттары арттырылса игі. Мен әр адам сайлауға дауыс беруге баруы керек деп есептеймін. Ал кім кімге дауыс береді – ол әр азаматтың жеке таңдауы, конституциялық құқығы. Мен ешқашан сайлаудан қалып көрген емеспін, үнемі өз учаскеме барып, өзім таңдаған үміткерге дауыс беремін. Таңдау жасау барысында сыртқы әсерлерге, үгіттеу мен насихаттауларға құлақ аспаймын, бұл тұрғыда өзіндік ұстанымым, өзіндік ой-пікірім бар. Сондықтан сайлауда әркімнің дауысы маңызды екенін ұмытпаған жөн. Ең бастысы еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан қадамдарға аса жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс. Амандық болса сайлауға барып, өз таңдауымды жасаймын.
  • Қаратал ауданының тұрғыны, көп балалы ана Сәуле ТІЛЕК:
  • Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс сайлау өткізуді ұсыну арқылы болашақ ел Президенттері үшін өз өкілеттілігін құрбандыққа шалды деп есептеймін. Бұл – үлкен мәрттік. Осылайша ол өзінен кейін сайланатын президенттер үшін месседж жасады. Мемлекет басшысының алға қойған бағдарламаларын орындау үшін толық бір мерзім керек. Ал 7 жыл ол үшін өте қолайлы кезең деп ойлаймын. Ештеңе жарты жолда аяқсыз қалмайды. Мәселе – осында. Ал сайлауға келетін болсақ, әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін көзі ашық, көкірегі ояу, саналы жұрт жақсы біледі. Сондықтан, бұл маңызды шарадан тыс қалмайтынына сенімдімін. Өзім де жұбайыммен бірге ұл-қыздарымызды ертіп сайлау учаскесіне барамыз. Ұл-қыздарым көрсін, ата-анасы қалай дауыс беріп жатқанын, жастайынан сайлау өз еркін білдірудің маңызды жолы екенін сезіне берсін деген ойда апарамын. Әр адам сайлауға дауыс беруге баруы керек деп есептеймін. Ал таңдау – ол әр азаматтың конституциялық құқығы. Өз басым еліміздегі барлық жағдайды саралап, таңдау жасаймын. Үміткерлер арасынан таңдау жасау және соған дауыс берудің маңызы мен мәнін жіті сезініп, оның қажеттігін жақсы білетін барлық азаматтардың бұл күні сайлау учаскелерінен табылатыны күмәнсіз. Ендеше, сайлау участкесінде кездесейік!
  • Қаратал ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Данияр КӘКІМОВ:
  •  
    • Бұл – жай ғана Президентті таңдау емес, жалпы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі позициясы мен ішкі саяси бағыт-бағдарын анықтауға бағытталған науқан деп ойлаймын. Жаңа Қазақстан, жаңа өзгеріс, жаңа Президент, менің ойымша, барлығы үйлесіп тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтып кеткендей, енді халық елде болатын саяси өзгерістердің бәрін алдын ала біліп отыратын болады. Дамыған мемлекеттерде қалыптасқан үрдіс бұл. Ал 7 жылдық меже – бір ғана өкілеттілік үшін өте тиімді уақыт. Мен де Президеттің тек бір рет қана сайлануын дұрыс деп санаймын. Мұндай қағида ел басқарған адамның мемлекетті, қолындағы билікті өзінің жеке меншігі ретінде қарауға жол бермейді. Сайлау қазақстандықтардың ертеңі үшін өткізілуде. Сайлауды қолдаймын. Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек  болуға тиіс. Сайлауға, саяси додаға түсетін үміткерлерге де байланысты ғой. Неғұрлым үміткерлер көп болса, сайлау да солай қызу өтеді деп ойлаймын. Әр адамның өз жоспары болады. Соны орындаса, халықтың қамын ойлайтын басшы болса неге қолдамасқа. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде әрбіріміз бұл сайлау үшін жауаптымыз. Сайлау – мен үшін маңызды шара. Өз басым еліміздің ертеңі үшін сайлауға қатысуды міндет санаймын. Ендеше, қараталдықтар да сайлауға бір кісідей қатысып, өз бағыттарын айқындап дауыс берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

    Мемлекеттік қызметкер Арайлым МЫРЗАХМЕТОВА:

  • Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізуіне екі мәселе түрткі болып отыр деп бағамдадым. Бұған көршілес мемлекеттің арасындағы қақтығыстардың ықпалы бар. Бұл – бір. Екіншісі, қаңтар оқиғасына тікелей байланысты деп ойлаймын. Әрине, қаңтар оқиғасы кезінде жарасы ашылған ең әлсіз тұстарымызды көрдік. «Сырты – бүтін, іші – түтін» болып жатқан жағдайлардың куәгері болдық. Сондықтан дәл осы уақытта Президенттік сайлау өткізу дұрыс шешім деп есептеймін. Президенттің 7 жылға сайлануы елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді. Мемлекет басшысын 7 жылға сайлау Конституция нормасына сай. Себебі, кезектен тыс сайлау өтпеген жағдайда 2024 жылғы сайлауда Президент 5 жылға сайланып, Президенттік мерзім 2029 жылы аяқталар еді. Ал 7 жылға биыл сайланса, онда сол 2029 жылдың межесіне жетеді. Халық жаңа жыл мерекесін жақсылықтың, қуаныштардың бастауы болар деген үмітпен күтеді ғой, сол секілді сайлаушылар кез-келген сайлаудан кейін біздің қоғамда жақсы өзгерістер болады деген үмітпен дауыс беруге барады. Бұл сайлаудың нәтижесі елімізге, әр елді мекенге, әр отбасына жақсылық әкелсе екен деп тілеймін. Бұйыртса сайлауға барып, өз таңдауымды жасаймын. Аудан жұртшылығын, әсіресе жастарды саяси додадан қалыс қалмауға шақырамын.

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *