
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев сайлауалды үгіт-насихат науқанының басталуына орай республикалық сайлауалды штабтың отырысын өткізді.
Жиынға ҚХП атынан партиялық тізіммен Мәжіліс және бір мандатты округтар бойынша мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген 66 үміткер мен өңірлік филиалдардың басшылары онлайн қатысты.
– Республикалық және өңірлік сайлауалды штабтардың алдында маңызды әрі жауапты міндет тұр, – деп атап өтті ҚХП төрағасының орынбасары Наиль Сайфуллин. – Біз әрбір сайлаушының жүрегіне жол табуымыз керек.
Республикалық сайлауалды штабтың отырысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Партия төрағасы саяси ұйымның негізгі идеяларын баяндады. Айта кетейік, еліміздің барлық өңірлерінде сайлауалды штаб құрылған. Партия филиалдарының төрағалары жетекшілік ететін сайлауалды штабтар саяси сайыстың көрігін қыздыруға сақадай сай. Партия 89 қала мен 29 кенттегі және 6 мыңға жуық ауылдағы сайлаушылардың сеніміне ие болуды көздеп отыр. Саяси ұйым Facebook, Telegram, Instagram, YouTube әлеуметтік желілерінде сайлауалды платформасын ілгерілету бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатыр.
Партия ел билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құруды көздейді және «Әділ Президент – Ықпалды Парламент – Халықтық Үкімет» деген ұстанымды темірқазық тұтады.
https://halykpartiyasy.kz/