Баланың тұлғалық дамуында ойынның алар орны ерекше. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Ойын ойнап, ән cалмай, өсер бала бола ма?» деп текке айтпаған. Ойын – айналадағы дүниені тану тәсілі.
Білім баспалдағы балабақшадан бастау алатынын ескерсек, балаға білім берудегі біліктілік дағдыларын, таным қабілеттерін қалыптастырудағы басты құрал-ойын технологиясы. Аталған технологияны қолдана отырып, баланы білім алуға, оқуға қызықтырып, тұлғалық дамуын қалыптастыруға болады. Баланың сөйлеуі де ойын үстінде қалыптасады. Ғылыми деректерге сүйенсек, қолдың саусақ қимылдарын, сөйлеу мүшелерін бақылайтын бастағы ми қыртысы бір-біріне жақын орналасқан. Сондықтан, балабақшадағы балаларға саусақ ойынын жиі ойнату керек. Саусақ жаттығулары үшін боялған күріш, ұсақ жармаларды және оригами тәсілдерін қолданған жөн. Дидактикалық, шығармашылық, қимылды, сюжетті, драмалық ойындар баланың ой-өрісін дамытып, сөздік қорын молайтады. Адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Қиялдау, ойлау, есте сақтау қабілеттерін жетілдіреді.
Ұлттық ойындарды ойнату арқылы бала тәрбиесіне ең негізгі екі дүниені сіңіруге болады. Біріншісі, ойын арқылы жаттығулар жасап, дене дамуы жақсарса, екіншіден ойын мазмұнын, ойнау тәртібін түсіндірген кезде бала ұлттық әдет-ғұрпымыздан хабар алады.
Ойын – бала өмірінің нәрі. Сол арқылы бала қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мәселен, балалар көбіне жалғыз ойнамайды. Олар топтасып ойнау арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынасты қалыптастырады. Жаңа өсіп келе жатқан жас өрен үшін ойын айналаны танып, білу, сезіну тәсілі. Ойын баланың күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке ғана тәрбиелеп қоймай, ақыл-ойының толысуына, есейіп өсуіне де пайдасын тигізеді. Бала ойнау арқылы жүйкесін тынықтырып, көкжиегін кеңейтіп, ой сергітіп, денесін ширата түседі.
Жалпы, ойынның қандай түрі болса да атадан балаға мұра болып сақталуы тиіс. Ойын арқылы баланы дамытуға арналған тапсырмалар жүйелі бағытталып, ұйымдастырылса балада өз бетімен еңбектену, іздену, жаңа нәрсені ойлап табу, талпыну қабілеттері жандана түседі. Үздіксіз ойын ойнайтын баланың логикалық ойлауы, ой белсенділігінің артуы, өзін-өзі бағалай білуі, өздігінен жетілу дағдылары қалыптасып, дамиды. Ойын жаттығулары арқылы баланың білім деңгейі күнделікті іс-әрекеті арқылы көтеріліп отырады. Ойнай отырып ойлануға бағыт беріледі. Демек, бала үшін ойынның алар орны тым үлкен. Сондықтан ақылды, білімді, өжет ұрпақ тәрбиелеуді қаласаңыз, балаңызбен жиі ойнап тұрыңыз, құрметті ата-ана!
Салтанат МЕНГАЛИЕВА,
Үшарал қаласы, №2 орта мектебі «Айгөлек» шағын орталығының тәрбиешісі