Жауқазындай жайдарлы үнімен дүйім жұрттың қошеметіне бөленген әнші Зейнеп Қойшыбаеваның туғанына биыл 85 жыл. Дара дауысы арқылы кең даланы әсем әнмен әлдилеген Зейнеп апамыз қазақ өнерінде шоқтығы биік тұлға. Қайталанбас дауысы мен орындау мәнерінің ерекшелігі оның ән әлеміндегі орнын даралайды.
Зейнеп Қойшыбаева 1937 жылы 6 наурызда Алакөл ауданы, Қазақстан ауылында дүниеге келген. Әкесі Төленбек Жетпісбаев көп жылдар аудандық кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Анасы Нұрғайша бала тәрбиесімен айналысты. Зәйнеп апамыз кішкентайынан ән салуды ұнататын. Мектепте, тіпті кішігірім ауыл тойларында көпшілік оны ортаға шығарып, ән айтуын сұрайтын. Сол кездері Алматыдан әртістер келіп, ауылдарды аралап концерт беретін, соңынан Зейнепті шығарып, ән шырқататын.
1955 жылы мектепті бітіріп, арман арқалап әсем қала Алматыға аттанады. Өкінішке орай қалап барған дәрігерлік институтқа түсе алмайды. Намысқой қыз ауылға қайтқанды ар көріп байланыс училищесіне құжаттарын тапсырады. Осы білім ордасының қабырғасында оқып жүрген Зейнеп апамыз үшін 1956 жыл өмірінің жұлдызды сәтіне айналады. Училищенің атынан республикалық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, көптеген өнер қайраткерлерінің назарын өзіне аударады. Сазгерлер Иванов, Соколъский, Б.Байқадамов, Л.Хамиди, Е.Бруциловский, әншілер К.Байсейітова, Ғ.Құрманғалиев, Р.Жамановалар Зейнептің тау суындай сыңғыр қаққан дауысынан үлкен болашағын болжап, консерваторияға түс деген ақыл айтады. Әсіресе Күләш апайы жас қыздан өзінің балауса кезін көргендей әсер алып, шәкірті болуға шақырады. Міне, осылайша Зейнеп апамыздың әншілік өмірдегі қиын да қызық тағдыры басталады.
Ол көптеген операларда басты рөлдерде ойнады. Мәселен, «Қыз жібек пен Қарлығаш», «Жалбырда» – Қадиша, «Ер Тарғында» – Ақжелең, «Біржан мен Сарада» – Алтынай, «Абайда» – Ажардың арияларын асқан шеберлікпен шырқады.
1967-1993 жылдар аралығында ол Қазақ радиосы мен теледидары камералық оркестрінің әншісі болды. Талантты әншінің орындауында қазақтың халық әндері мен заманауи композиторлары: Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Ілия Жақанов және т.б. шығармалары шырқалды. Ол халық әндерін насихаттауға, эстрада өнерін дамытуға елеулі үлес қосты. З.Қойшыбаева гастролдік сапармен бұрынғы КСРО республикаларында, сондай-ақ алыс шетелдер – Германия, Польша, Ауғанстан мемлекеттерінде болды. Ол, сондай-ақ, Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің күміс жүлде иегері атанды.
Зейнеп Қойшыбаеваның қазақ өнерін дамытуға сіңірген еңбегі бағаланбай қалған жоқ. 1980 жылы оған «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі», 1989 жылы «Республиканың халық әртісі» деген құрметті атақтар берілді. Бұл оның бейнетті еңбегінің зейнетті сәттерінің айқын айғағы еді.
Қазақ радиосының алтын қорына 300-ге тарта ән-романстар қалдырған Зейнеп апамыз өз өмірінің соңғы оншақты жылын әншілік өнермен қатар жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге арнады. 1981 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы эстрада-цирк колледжінде сабақ берді. 2001 жылдың 20 наурызында бұл дүниемен қош айтысты.
Зейнеп апамыз жайлы көз көргендер естелігі көп. Соның бірі, Зейнеп Қойшыбаеваның құрдасы, ҚР Мәдениет қайраткері Құмарбек Сыдықұлының естелігін назарға ұсынамыз:
«Зейнеп (Зекен) екеуміз бір жыл, бір ай, бір күнде өмірге келген түйдей құрдас едік. Қырсық шалғанда, халқымыздың басына төнген небір нәубетті кезеңдердің кесапаттарына ерегісіп туғандаймыз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының бас жағындағы миллиондардың ғұмырларын жалмаған ашаршылық зобалаңының, соңын ала қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық зұлымдықтары етек алған еді. Дәл сол тұста 1937 жылдың бір күнінде Зейнеп екеуміз өмір есігін ашыппыз. Одан балғын балалық шақтың базарына қадам баса бастағанымызда Отан соғысының ойран-опаттары ел басына қасіреттің қара бұлтын төндірген болатын. Менің ой құшағына орануымның бір себебі осы еді. Екіншісі – біз Зейнеп екеуміздің өмір жолымыз, тағдырымыз теміржолдың қос тағанындай қатар өріліп отырған екен. Бір мезгілде ауылда туып, ауылда өстік. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ жазғы демалыс күндері дегенді білмей, мектеп бітіргенше колхозды ауылдың жұмыстарына жегіліппіз. Соғыс кезіндегі, одан кейінгі жылдардағы қалың қауым жұрт басына түскен ауыртпашылықтарды да бірге кешіппіз.
1956 жылы онжылдық мектепті бітіріп, оқу іздеп, өнер қуып Алматыға келгенімде, Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанынан тұңғыш ән-хор студиясы ашылғалы жатыр екен. Студияда оқыту үшін облыс, аудандарды аралап жүріп жинағандары бар, Алматы қаласында бас қосқандары бар, мыңға жуық жас әнші-өнерпаздарды тыңдап, төрт бірдей турдан өткізіп, ақырында сұрыптай-сұрыптай келіп, сындарлы сарапшылар алқасы 75 адамды студияға қабылдаған болатын. Сарапшы комиссия құрамында – Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев сынды, тағы басқа білгір де білікті өнер дүлдүлдері болған еді. Сөйтіп, ән-хор студиясында қанаттас, құрдас-құрбым Зейнеппен сол 1956 жылы алғаш ұшырасқан едік. Студияда жас талап шәкірттерді әншілік өнердің қыр-сырына қанықтырып, бағыт-бағдар беріп төселдіретін, кәсіби әншіліктің әдіс-тәсілдерін үйретіп, дауысты орнына қоятын (постоновка голоса аталатын) дәріс болды. Ондай дәрістен үйретуші ұстаздарды консерватория бітіріп, кәнігі кәсіби маман әншілер қатарынан тағайындайтын. Сондай ұстаздарға болашақ әнші-шәкірттерді 3-4 кісіден бөліп тапсыратын болды. Зейнеп екеумізді Бреусов деген жігітпен қоса бір ұстазға, аса білікті маман Самышина Надежда Николаевна атты ұстаз апамыздың қарамағына бөлген екен. 1956-1958 жылдары ән-хор студиясының түлектері екі жылдық оқуымызды тәмамдап, көпшілігі республика аумағындағы өнер ордаларында ұзақ жылдар бойында табысты еңбек етті. Кейбірі жоғары оқу орындарын бітіріп, мәдениет пен өнер салаларындағы белгілі қайраткерлік қызметтер атқарды. Мәселен, студияны бітірген соң, Зейнеп Қойшыбаева Алматы консерваториясының вокалды факультетінде оқи жүріп, Абай атындағы опера және балет театрында 1958-1965 жылдар аралығында қызмет етіп, «Қыз-Жібек» операсындағы Жібектің, «Жалбыр» операсындағы Қадишаның, «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүністің және басқа образдарды сомдады. Мен студиядан соң, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ университетінің филология факультетінде, кейінірек Мәскеудегі Бүкілодақтық Радио және телевизия институтының режиссерлік курсында оқыдым. Өнердегі еңбек жолымда кезінде мемлекеттік ән-би ансамблі аталған, Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымында (қазірде оның орнында «Салтанат» би ансамблі) 6 жыл әншілік қызметте болып, 1966 жылы Қазақ радиосына режиссерлік жұмысқа ауыстым. 1967 жылы Зейнеп те Қазақ радиосының әншілігі қызметіне орналасып, біздің жолдарымыз тағы да тоғысып, сонда аттай 28 жыл бойына еңбегімізді бір ұжымда бірге жалғастырдық. Зейнеп Қазақ радиосында Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кесоғлы, Венера Қармысова, Гулвира Рәзиева, Люция Төлешовалармен қатар халқымыздың сүйікті әншісіне айналды.
Осынау бастан өткерген қимас күндерді еске түсіре отырып, Құрманғазы атындағы әлемге әйгілі оркестрде 20 жыл концерттік бағдарламалардың режиссері, музыка редакторы қызметтерін атқарып, есен-аман жүргеніме шүкіршілік етіп, Зейнеп Төлембекқызы Қойшыбаева атты қимас құрбымның, қазақтың бұлбұлдай сайраған сүйікті әншісінің рухы халқымыздың жүрегінен өшпейтініне тәубә еткендей болдым. Иә, әйгілі әнші Зейнеп Қойшыбаеваның орындауындағы әндер оның күмістей сыңғырлаған әсем дауысымен боялып шырқалғанда ерекше құлпырып, жайнап жүректі шымырлата түсетін еді-ау! Ендеше оның үні де, жарқын бейнесі де халық жадында мәңгі сақтала бермек.»
Зейнеп Қойшыбаеваға Алакөлдің ақиық ақыны Сәкен Иманасов жалынды жыр арнап еді:
Тентек жылдар текке кетпей, қапыда өтпей қайран күн,
Өліп-талмай, солып қалмай жауқазындай жайдарлы үн,
Ару қыз бен асқақ ұлдың бәрін жолға қаратып,
Қазақстан аспанының бұлбұлына айналдың.
Сылаңдаған сиқырлы әуен, сұлу сымбат бейнемен
Ел көзіне еліктей боп ерте түскен Зейнеп ең.
Мейір қанар, бойыңды алар ұлттың ұлы ырғағы
Сенің ғана көмейіңде тұр ма деймін кейде мен.
Сахнаға сен шыққанда тоты құстай таранып,
Қошеметпен қол соғады үлкен-кіші бәрі анық.
Әлдекімше атақ іздеп жүгірмейсің сен бірақ
Өзіңді-өзің жарнамалап, әлекедей жаланып.
Әлдекімдер айырбастап ала алмайтын алтынға
Өзі-ақ іздеп тапты сені атағың да, даңқың да.
Келесің-ау тыңдаушыңның құлақ құрышын қандырып
Қазағыңның дәл өзіңдей қарапайым қалпыңда.
Барша бейнет артта қалып, жеттің бүгін зейнетке,
Алтын алқа тағынарсың, малынарсың көйлекке.
Талай ұрпақ мақтанатын болады әлі, мен білсем,
Елдеспін деп, жерлеспін деп Қойшыбаева Зейнепке!
Зейнеп апамыздың өнер әлеміндегі өлшеусіз еңбегі ешқашан да ұмытылмайды. Өз қызын Алакөл жері де ұмытқан жоқ. Әншіні мәңгі есте сақтау мақсатында Қазақстан ауылындағы бір көшеге, Үшарал қаласындағы аудандық мәдениет үйіне Зейнеп Қойшыбаеваның есімі берілген.
Асылан МАХАНОВ