Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты болдырмау және ең бастысы бала өмірінің қауіпсіздігі. Ағымдағы жылдың 10 қазан күні аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен қаламыздағы А.Пушкин атындағы орта мектебінің акт залында «Балалар қауіпсіздігінің алдын алу, ата-ананың бала өміріне жауапкершілігі» тақырыбында аудандық жалпы ата-аналар жиналысы өтті.
Жиынға аудандық прокуратура, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, орталық аурухана, салауатты өмір салтын қолдау орталығы қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы бала өмірінің қауіпсіздігін сақтау аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, ата-аналарға арналған психологиялық көмек ретіндегі бейнероликтер көрсетіліп, жадынамалар таратылды. Қауіпсіздік ережелерін, оның ішінде тұрмыстағы қауіпсіздік, от, өрт, тоқ қауіпсіздігі жайлы төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары айтса, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, зиянды әдеттерден аулақ болу жайын салауатты өмір салтын қолдау орталығы мен құқық қорғау органының қызметкерлері ой бөлісті. Аудан мектептері арасында ата-анамен мектеп арасындағы жұмысты жүйелі үйлестіріп жүрген мектептердің бірі – Лермонтов атындағы ОМ-нің жұмыс тәжірибесі туралы мектеп директоры Л.Котова жеткізді. Жиын соңында ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар қабылданды.
Марал УАЛИЕВА, Қаратал ауданы бойынша білім бөлімінің тәрбие жұмысы бойынша әдіскері