ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дейді халық даналығы. Шынымен де жастары бірнеше ондықты алқымдап отырса да, өнерге деген сүйіспеншілігі бар жандарды көргенде көзің тояр. Тек ақыл-дарияларымен ғана емес, жастарға өнерімен үлгі болған алдыңғы буын өкілдері бүгінде үлкен ұйымның бір бөлшегі.

Тәуелсіз еліміздегі іргелі шаңырақтың бірі – республикалық ардагерлер ұйымы. 1987 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған. Содан бері, еліміздің қоғамдық-саяси дамуы, оң өзгерістері осы бір ұйымның жұмысымен біте қайнасып келе жатыр.

Міне, биыл республикалық ардагерлер ұйымына 35 жыл толды. Айтулы датаға орай, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудандық З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде «Өнерім – өмірім» атты ардагерлер фестивалі өтті.

Шараға облыстық ардагер ұйымы төрағасының орынбасары Р.Серғазынова,  облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі Д.Нұрғалиева, Жетісу облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, А.Құрсабаев, ардагер ұстаз, облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі Ж.Даркембаева әділқазылық етуге арнайы келді. Фестивальге Алакөл ауданының ардагерлері де атсалысып, еліміздің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарының дамуынан шет қалмады.

Мәдени шара ардагерлер ұйымдастырған қолөнер көрмесінен басталды. Ұлттық дәстүрдегі ат әбзелдері мен қолөнер бұйымдары және суретші С.Қазиевтың сурет туындылары қойылған көрмеге  әділқазылар да ерекше бағасын берді. Артынша,  қонақтарға арнайы орнатылған киіз үйден дәм татқызып,  оқушы жастардың күйі назарға ұсынылды.

Фестивальдің негізгі бөлімін аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов ашып, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген бірқатар ардагерлерді алғыс хаттармен марапаттады. Марапаттан кейін, ардагерлер дайындаған ән шашу көрерменге жол тартты. Шырқалған әндер, тебіренткен күй-жырлар әділқазы алқаларына да өзіндік әсер етіп, шара соңында фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан бірқатар ардагерлерге алғыс хат табысталды. Ал, үздік деп танылған орындаулар облыстық сахнаға жол тартатыны да қорытынды барысында шешілді.

«Қарты бар ел – қазыналы». Дәстүрімізге енген, қанымызға қазақылықпен дарыған дүниелерді кейінгі ұрпаққа құр сөзбен емес, іспен көрсеткен ардагерлердің өнері әрқашан өнегелі.

Қарлығаш ЕРКІН, журналист

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *