Эксаумақтық соттылық турасында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне (әрі қарай – Кодекс) 2021 жылдың 20 желтоқсанында 32-бапта (Шарттық соттылық) өзгеріс енгізілген болатын, аталған баптың күші ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енгізілді.
Кодекстің 32-бабы келесідей редакцияда берілген: «тараптар өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерте алады, эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Осы Кодекстің 31-бабында белгіленген соттылықты тараптардың келісімімен өзгертуге болмайды».
Мақаланы оқи отырып, эксаумақтық соттылық дегеніміз не деген сұрақ туындайтыны анық. Қазіргі таңда сотқа келіп түскен істі IT-жүйе автоматты түрде сол соттың нақты бір судьясына бөледі. Енді сот талқылауына дайындау барысында тараптар аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы жазбаша арызбен жүгінген жағдайда істерді республикадағы барлық соттар арасында бөлуге мүмкіндік бар. Істерді бөлу барысында автоматтандырылған жүйе жүктемесі неғұрлым аз соттардың бірін таңдайды.
Мысалы, талапкер мен жауапкер Үштөбе қаласында, ал талап арыз Талдықорғанда немесе Астанада қаралуы мүмкін. Бұл жоба сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы сот жүйесінің тиімді құралына айналмақ.
Енді тараптар өзара келісім бойынша талап қою кезінде, сондай-ақ соттың іс жүргізуіндегі істер бойынша да сот талқылауына дайындық сатысында аумақтық соттылықты өзгерте алады.
Э. МҰСАБАЕВА, Қаратал аудандық соты кеңсесінің меңгерушісі